Соңғы бірнеше жылда Астанадағы BINOM мектептері сұранысқа ие білім ошақтарының біріне айналды. Себебі мұнда оқу тегін. Ал мектеп ғимараты заманауи жабдықталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл мектептер 2021 жылы іске қосылып, қысқа уақыт ішінде ата-аналар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Қазіргі таңда елордада BINOM жобасы аясында бірнеше мектеп жұмыс істейді. Соның ішінде:
- Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL;
- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL;
- Әбіш Кекілбайұлы атындағы BINOM SCHOOL;
- Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL;
- Әлихан Бөкейхан атындағы BINOM SCHOOL және басқа да филиалдары бар.
Олардың барлығы жалпы білім беретін, яғни дарынды балаларға ғана емес, барлық оқушыға арналған.
BINOM – жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп. Ол басқа мемлекеттік мектептер сияқты бірдей оқу бағдарламасымен жұмыс істейді. Алайда оны ерекшелендіретіні – заманауи инфрақұрылымы, кеңейтілген білім беру жобалары мен оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған қосымша мүмкіндіктері, – дейді BINOM әкімшілігі.
Биылғы бірінші сыныпқа қабылдау науқаны кезінде сұраныстың көптігі айқын байқалды. Өтінім қабылдау басталған сәтте-ақ ата-аналар сайттың баяу жұмыс істегеніне шағымданып, әлеуметтік желілерде қызу талқылау өрбіді. Кейбірі өтініштің кеш тіркелуінен кезек соңына түсіп қалғанын айтты.
Қабылдау тәртібі қалай жүзеге асады?
BINOM әкімшілігі тұрғын үйдің мектепке жақын орналасуы бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылдануға кепілдік бермейтінін түсіндірді. Оқушылар мектепке бекітілген шағын аудан бойынша қабылданады. Сонымен бірге орыс сыныптарына сұраныс орын санынан әлдеқайда көп болғандықтан, бос орындар өтініш қабылдау басталған алғашқы минуттарда-ақ толып қалады. Осыған байланысты барлық орын толған мектептерде резервтік тізім ашылып, ата-аналар күту кезегіне тіркеле алады. Бос орын пайда болған жағдайда кезек ретімен хабарланады.
Ата-аналардың сұранысы неге жоғары?
Мұндай жоғары сұраныстың да өзіндік себебі бар. BINOM мектептері тегін білім бергенімен, соңғы жылдары білім сапасы бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы мектептер PISA for Schools халықаралық зерттеуінде жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебі математикалық сауаттылық бойынша 518 балл жинап, әлемдегі жетекші мектептердің деңгейіне жақындады. Астанадағы үш BINOM мектебі бұл көрсеткіш бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің орташа деңгейінен жоғары нәтиже көрсетті.
Былтырғы түлектердің жартысынан астамы мемлекеттік білім грантын иеленсе, 58 оқушы Назарбаев Университетіне оқуға түсті. Әрбір бесінші түлек шетелдің 20 еліндегі жоғары оқу орындарын таңдаған.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, 2025 жылы Астанадағы барлық 6 BINOM мектебі мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтіп, оқушылардың тестілеу нәтижелері мен мектептердің жалпы қызметін бағалау қорытындысы бойынша «үлгілі деңгей» бағасын алды.
Сондай-ақ әкімшілік ұсынған ақпаратқа сәйкес, жоба жүзеге асырылған жылдары 2 мыңнан астам республикалық және халықаралық олимпиада жүлдегерлері даярланған. BINOM желісіндегі 3 мектеп республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстанның ТОП-100 мектебінің қатарына енсе, 4 мектеп Астанадағы ең үздік олимпиадалық командалардың қатарында. Оның ішінде Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебі үш жыл қатарынан олимпиада жүлдегерлері саны бойынша қалада 3-орын иеленген. Түлектердің IELTS емтиханы бойынша орташа нәтижесі – 6,5 балл, ал SAT бойынша – 1 332 балл. Оқыту сапасын қамтамасыз ету үшін педагогтер жылына орта есеппен 128 сағат біліктілігін арттыру курсынан өтеді, ал мұғалімдердің 46%-ы шетелдік сарапшылардан білім алған, – дейді BINOM әкімшілігі.
Сонымен қатар BINOM мектептерінің тәжірибесі негізінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс, функционалдық сауаттылықты дамыту, SEL (әлеуметтік-эмоционалдық оқыту) және өзге де бағыттарды қамтитын білім сапасын қамтамасыз ету стандарттары әзірленген. Мектептерде оқушылар мен ата-аналардың кері байланысын жинау жүйесі қалыптасқан, NPS (Net Promoter Score) көрсеткіші тоқсан сайын тұрақты түрде өлшеніп отырады.
Мемлекеттік басқаруға Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектеп-лицейі өтеді
Енді бұл жоба жаңа кезеңге аяқ басқалы отыр. BI Education бас директоры Мәди Қарғынның айтуынша, жақын уақытта алғашқы BINOM мектебі мемлекеттік басқаруға беріледі.
Біз әлемдегі үздік стандарттарға негізделген, нәтижесі нақты өлшенетін және сапасы жүйелі түрде басқарылатын академиялық модель қалыптастыра алдық. Жақын уақытта алғашқы BINOM мектебі мемлекеттік басқаруға беріледі. BI Group мектепті басқаруды аяқтай отырып, мақтан тұтуға болатын нәтижелерге қол жеткізді, – деді LITER басылымына берген сұхбатында Мәди Қарғын.
Оның айтуынша, BINOM жобасы 2021 жылдан бері мектеп біліміндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің алғашқы ауқымды үлгісіне айналып, өз нәтижесінің тұрақтылығын көрсетті. BI Group бұл жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен адами капиталды дамытуға қосқан үлесі ретінде бағалап, BINOM-ды дамытуға қомақты көлемде өз қаражатын инвестициялады. Ендігі маңызды міндет – осы қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қалу.
Редакцияның ресми сауалына жауап берген BINOM мектеп әкімшілігі мемлекеттік басқаруға өтетін білім ордасының Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектеп-лицейі екенін растады.
Әкімшіліктің мәліметінше, мектеп мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келісім талаптарына сәйкес мемлекет қарамағына беріледі. Қазір нысанды тиісті жағдайда тапсыру үшін жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.
Білім беру үдерісін ұйымдастыру, оқу бағдарламалары және мектеп мемлекетке өткеннен кейінгі басқару мәселелері мемлекеттік білім беру органдарының құзыретіне жатады. Ал біз өз тарапымыздан мектепті және оның жұмыс барысында жинақталған тәжірибені талапқа сай, жүйелі түрде тапсыруды қамтамасыз етеміз, – деп мәлімдеді BINOM мектеп әкімшілігі.