«Меломен» тобының экс-солисі Жігер Ауыпбаев көпшілікке жеке өміріне қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Өнер иесі алғашқы некесінің бұзылуына не себеп болғанын айтып, отбасын сақтап қалу үшін қандай қадамдарға барғанын еске алды, деп жазады Democrat.kz.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.
Әншінің сөзінше, ажырасу туралы шешім екі тараптың ортақ таңдауы болған. Ол заңды түрде төрт жыл бұрын ажырасқанын айтып, араларында төрт баласы барын жеткізді. Сонымен қатар бұрынғы жары Замираны жақсы ана ретінде бағалап, ажырасқаннан кейін де отбасын сақтап қалуға бірнеше рет әрекет жасағанын айтты.
Өнер иесі кейінгі жылдары жалғыздыққа үйреніп кеткенін, сол кезеңде үйде отырмас үшін жиі гастрольге шыққанын айтты. Оның айтуынша, арадағы қызғаныш та отбасы қарым-қатынасына әсер еткен.
Сондай-ақ әнші отбасының ыдырауына үшінші тұлғалардың араласуы да себеп болуы мүмкін екенін айтып, үйінен күмәнді заттар тапқанын жеткізді.
«Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, сағынамыз, бірақ кездесе қалсақ, бір-бірімізге атыла кететін сияқтымыз. Кейіннен жалғыз тұрып жүргенімде, үйдің ішінен түрлі-түрлі нәрселер тауып алдым: төсегімнің бас жағынан, ішкиімдердің астынан себілген тұздар, пердеге тығылған, басы күйдірілген инелер, паластың астына шашылған зираттың топырағы сияқты заттар шықты. Келіншегімнің қызғаншақтығы бар еді. Кейін ол өзі де соған жеткізгенін мойындады. Біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың сиқырлап жасаған арам ойы іске асты ма деп ойлаймын...» — деп өкінішін жеткізді Жігер Ауыпбаев.