Бір пакет ақша прокурордың түбіне жетті

Бір пакет ақша прокурордың түбіне жетті

Қостанай сотында Рудныйдың бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты жемқорлық ісі қаралып жатыр. Экс-прокурорға бюджет қаржысын жымқыру бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін 20 миллион теңге пара алмақ болды деген айып тағылды, деп хабарлайды Democrat.kz.  Ertenmedia.-ға сілтеме жасап.

«Қостанай жаңалықтарының» мәліметінше, оқиға осы жылдың көктемінде басталған. Рудный әкімдігінің құрылыс бөлімі қаланы абаттандыру жұмыстары кезінде 255 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін тексеріске іліккен.

Осы кезде бөлім басшысы Дәурен Жәкеновке қылмыстық іс қозғалып, басына бұлт үйірілген болатын.

Тергеу материалына сәйкес, дәл сол тұста Рудныйдың прокуроры мәселені «шешіп беруге» ұсыныс жасап, оның құнын 20 миллион теңгеге бағалаған.

Жәкенов бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабар берген. 28 қыркүйек күні оған комитет қызметкерлері арнайы ақша береді, оның бір бөлігі жалған банкнот болған. Құрылыс бөлімінің басшысы прокурормен қаладағы дүкендердің бірінің тұрағында кездеседі. 

Оспанов кездесуге көлікпен келіп, ішінде ақшасы бар пакетті қолына ұстай сала, дереу кетуге оқталған. Бірақ оны сол жерде ҰҚК қызметкерлері ұстап, қолын қайырған.

Қазір іс бойынша сот процесі жедел тәртіпте өтіп жатыр. Экс-прокурор айыбын толық мойындаған, сот материалына қарсылығы жоқ.

«Оны сотқа конвеймен жеткізді. Сот отырысына экс-прокурордың туған-туысы мен таныс-тамыры көптеп келген», – деп жазады жергілікті басылым тілшілері. Істің соңғы нүктесін қоятын сот үкімі жақын күнде шығуы тиіс.

Барлық жаңалықтар