Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ кезінде түлектер арасында жиі тіркелген тәртіп бұзушылықтар туралы мәлімдеді деп хабарлайды Democrat.kz.
10 мамырда басталған негізгі ҰБТ бір аптада 41 мыңнан астам рет тапсырылды. Талапкерлердің 67%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде, 103 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 134 талапкерге тест тапсыру үшін арнайы жағдай жасалды.
Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 57%-ы шекті балл жинады.
ҰБТ барысында 86 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 46 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқан. Тағы 40 адам тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған.
Айта кетейік, тестілеу аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіліп, қосымша бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер жойылады.