Үш жылдан бері мектепте еңбек етіп жүрген мұғалімнің әлеуметтік желідегі жанайқайы білім саласындағы қордаланған мәселелерді қайтадан күн тәртібіне шығарды. Ұстаз мардымсыз еңбекақы, бітпейтін тапсырмалар мен жеке өміріне уақыт қалмайтынын ашық айтып, өз жағдайын «тек тіршілік жасау» деп сипаттады, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада педагог үш жылдық еңбек өтіліне қарамастан, ай сайын небәрі 180 мың теңге алатынын мәлімдеген.
«3 жыл болды мұғалім болып жұмыс істеп келе жатқаныма, түсінгенім біз тегін құлмыз, ең қадір-қасиетсіз, бірде-бір рақметі жоқ жұмыс», – деп бастайды ол сөзін.
Мұғалімнің айтуынша, сабақ беруден бөлек атқаратын жұмыстарының шегі жоқ. Мерекелік концерттерге билет алу, мәдени іс-шараларға қатысу, ауданнан келетін тапсырмаларды орындау, бейнероликтер түсіру, семинарлар, ашық сабақтар мен конкурстарға дайындалу күнделікті міндетіне айналған.
Оның үстіне сынып жетекшілігінің құжаттары, түрлі платформаларға мәлімет енгізу, жасанды интеллектіні сабақта пайдалану, жаңа пилоттық жобалар мен ата-аналардың талаптары қосылады.
Педагог әсіресе «Балажан» жүйесіне қатысты тапсырмаларды атап өтіп, оқушылардың отбасы туралы мәліметтерін жинау да мұғалімнің мойнына артылғанына наразылық білдірген.
«Енді үйге барып демалғың келеді, бірақ ертеңгі сабаққа дайындалу керексің, өз өміріңе бір грамм уақыт жоқ. Бала-шағаңа қарайтын уақыт жоқ, алатын айлығым 180 000 тг», – дейді ол.
Ұстаздың ең ауыр айтқан сөзі мұнымен аяқталмайды.
«Біз өмір сүріп жатқан жоқпыз, тек тіршілік жасап, өлместің күнін кешіп жүрміз», – деп жазды мұғалім.
Бұл жазбаға пікір қалдырған педагогтер де өз жағдайларының мәз емес екенін жеткізді.
«40 жыл жұмыс істеп, 500 000 деген айлықты түсімде де көрмеппін», – деді бір ұстаз.
Тағы бірі 30 жылдық педагогикалық өтілі болса да, 500 мың теңге жалақы алмағанын жазды.
Пікірталаста жас мұғалімдердің жағдайы да көтерілді. Қолданушылардың бірі кейбір жас педагогтердің айлығы 180–200 мың теңгеден аспайтынын, ал 500 мың теңге алатын мұғалімдердің көбінің еңбек өтілі жоғары екенін айтты.
Бұған қоса, жазба авторы кей мектептерде педагогтерге 16 сағаттан артық жүктеме берілмейтінін, ал басқа білім ордаларында 24 сағатқа дейін сабақ алатындар бар екенін жеткізді. Бұл жағдай мұғалімдердің табысындағы айырмашылыққа да әсер етеді.
Ең алаңдатарлығы – болашақ педагогтердің де мамандыққа деген сенімі әлсірей бастаған.
«Өзім де болашақ мұғаліммін, бірақ білім саласындағы осындай жағдайларды көрген сайын, осы мамандықпен жұмыс істеуге деген ынтам жоғалып барады. Мұғалімді қадірлемей, білім сапасының жоғары болуын талап ету әділетсіздік», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Ал тағы бір қолданушы қаржылық қиындықтарға байланысты мұғалімдікті тастап, басқа салаға ауысқанын айтты.
Осы пікірлердің барлығы бір маңызды қайшылықты көрсетеді: мемлекет мұғалімнен сапалы білім, шығармашылық ізденіс, үздік нәтиже мен үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді. Ал педагогтің сол талаптарды орындауға уақыты, күш-қуаты және лайықты еңбекақысы бар ма?
Әлеуметтік желідегі 180 мың, 200 мың немесе 500 мың теңге туралы мәлімдемелер – жекелеген адамдардың тәжірибесі. Мұғалімдердің нақты жалақысы еңбек өтіліне, біліктілік санатына, оқу жүктемесіне және қосымша төлемдерге байланысты өзгеретінін ескеру қажет.
Алайда бұл жағдай олардың негізгі шағымын жоққа шығармайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қойылатын сұрақ та осы: мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы айтылып жүрген бастамалар оның күнделікті өмірін қаншалықты жеңілдетті?
Егер ұстаз баласына уақыт бөле алмай, айлығы күнделікті қажеттілігіне жетпей, сабақтан тыс тапсырмалардың астында қалса, онда білім сапасын арттыру туралы талаптың өзі қаншалықты орынды?
Ең бастысы, мұғалім өз еңбегін «құлдыққа» теңейтін деңгейге жетсе, бұл бір адамның ғана өкпесі емес, білім жүйесіндегі еңбек жағдайына берілген ауыр баға.
