"Жұмысқа шықпаймыз!": Павлодардың кей мектептерінің асхана қызметкерлері наразылық білдіруде

"Жұмысқа шықпаймыз!": Павлодардың кей мектептерінің асхана қызметкерлері наразылық білдіруде

Павлодарда мұғалімдердің жалақысына қатысты дау басылмай жатып, мектеп асханаларының қаржыландырылуына байланысты жаңа шағым пайда болды. Әлеуметтік желіде екі ай бойы ақы төленбеген асхана қызметкерлері күзгі демалыстан кейін жұмысқа шықпауы мүмкін екені айтылды, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісіндегі педагогтер мәселесін көтеретін парақшалардың бірінде Павлодар мектептеріндегі тамақтандыру қызметіне қатысты алаңдатарлық ақпарат жарияланды.

Жазба авторының айтуынша, мектеп асханаларына қыркүйек пен қазан айлары үшін ақша төленбеген. Салдарынан азық-түлік жеткізушілеріне қарыз жиналып, асхана қызметкерлері де жалақысыз қалған.

«Мұғалімдерге жалақы төленбейді, Павлодардағы мектептерде қыркүйек пен қазан айлары үшін тамақтандыру ақысы да аударылмаған. Екі ай бойы балаларды ақысыз тамақтандырып келеміз. Азық-түлікке қарыз жиналды, енді тауарды қарызға да бермейді. Аспаздар мен асхана қызметкерлері екі айдан бері жалақы алмағандықтан, демалыстан кейін жұмысқа шыққылары келмейді», – делінген жазбада.

Бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ. Алайда айтылған жағдай шындыққа сәйкес келсе, мәселе тек еңбекақының кешігуінде емес, оқушылардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне тікелей қатысты.

Бұған дейін Павлодар облысында педагогтердің жалақысы кешігіп жатқаны туралы да шағымдар жарияланған. Облыстық білім басқармасы қыркүйек айының еңбекақысы толық төленгенін, ал қазан айының жалақысын төлеудің заңда белгіленген мерзімі әлі бұзылмағанын хабарлаған болатын.

Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Алайда мектеп асханаларының қызметін көрсететін мердігерлерге ақы төлеу мәселесі бөлек шарттық міндеттемелермен реттеледі.

Енді Павлодар облысының білім басқармасына нақты сұрақ туындайды: мектеп асханаларын қаржыландыруда шынымен іркіліс бар ма? Тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлерге қанша берешек жиналды? Асхана қызметкерлерінің жалақысы неге төленбеген? Ең бастысы, 2 қарашада сабақ басталғанда балалар ыстық тамақсыз қалмай ма?

Оқу жылының ортасында мектеп асханаларына азық-түлік жеткізілмей, қызметкерлер жұмысқа шығудан бас тартатын жағдай қалыптасса, мұның зардабын ең алдымен оқушылар тартады.

Барлық жаңалықтар