«Депрессияға түсіп жатырмыз»: Педкеңестен шыққан ұстаздың жанайқайы жұртты шулатты

«Депрессияға түсіп жатырмыз»: Педкеңестен шыққан ұстаздың жанайқайы жұртты шулатты

Педагогикалық кеңестен кейін берілген тапсырмаларды көрген мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасы көпшіліктің назарын аударды. Ұстаздың жанайқайы мектептердегі бітпейтін тапсырмалар мен қағазбастылық мәселесін қайта көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде мұғалім педагогикалық кеңестен кейінгі көңіл күйін ашық жеткізген.

«Бүгін педсоветке қатысып, берілген тапсырмаларды көріп, уже депрессияға түсіп жатырмыз», – деп жазды ол.

Жазбаға қоса жарияланған суретте мұғалімнің дәптерге тізіп жазған тапсырмалары көрсетілген. Олардың қатарында тестілеу, оқушылармен жүргізілетін жұмыстар, түрлі жобалар, аттестаттау және басқа да ұйымдастыру шаралары бар.

Бұл жазбаға пікір білдіргендер мұғалімдерге жүктелетін қосымша міндеттердің шектен тыс көбейгенін сынға алды.

«Төбе түнеріп кеттім. Неге қиындатады? Осының бәрін беріп жатқан жалақысы ақтамайды», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікірде мектептердегі тестілеулердің көптігі сыналды.

«Тестер kz-тің не керегі вообще, түк түсінбеймін», – дейді пікір иесі.

Ал келесі қолданушы мұғалімдердің уақыты негізгі жұмыстан гөрі қосымша міндеттерге көбірек жұмсалып бара жатқанына назар аударған.

«Еркежан оқып қоятын болды ғой шыршаға баратынның», – деп әзілдеген тағы бір оқырман тапсырмалардың көптігін келемеждеген.

Бұл пікірлердің астарында маңызды мәселе жатыр. Мұғалім сабақ беруге, оқушының білімін жетілдіруге уақыт бөлуге тиіс. Алайда педагогикалық кеңестерде берілетін тапсырмалар көбейген сайын ұстаздың негізгі жұмысына жұмсайтын уақыты қысқарады.

Әсіресе әртүрлі тестілеу, есеп, жоспар, жоба және ұйымдастыру жұмыстарының қаншасы мұғалімнің тікелей міндетіне жататыны туралы сұрақ туындайды.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің қағазбастылығын азайту қажеттігін бірнеше рет көтергенімен, әлеуметтік желідегі мұндай шағымдар мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Дегенмен жарияланған дәптердегі тапсырмалардың барлығы міндетті ме, әлде олардың бір бөлігі тек ұсыныс ретінде берілген бе – бұл жағы нақтыланбаған.

Басты мәселе – мектеп әкімшілігі педагогикалық кеңесте берілетін тапсырмалардың нақты қажеттілігін, орындалу мерзімін және мұғалімнің жұмыс жүктемесіне әсерін қаншалықты ескереді?

Мұғалімдер білім сапасын арттырудың орнына тапсырмалардың санын азайтуды сұрап отырса, білім саласындағы басқару тәсілін қайта қарау қажеттігі туындайды.

Өйткені шаршаған мұғалімнен үздіксіз шығармашылық ізденіс пен жоғары нәтиже талап ету оңай. Ал оған сол нәтижеге жететін жағдай жасау – әлдеқайда күрделі міндет.

 

Барлық жаңалықтар