Жанболат Найзабеков жылдар бойы жасырған қайғылы оқиғаны айтты

Жанболат Найзабеков жылдар бойы жасырған қайғылы оқиғаны айтты

Танымал актер, «Өнер қырандары» театрының мүшесі Жанболат Найзабеков үйлену тойының қарсаңында болған жантүршігерлік оқиғаны алғаш рет көпшілікке баяндады. Қуанышқа толы күн қаралы жағдайға ұласып, жас жұбайлардың өмірінде өшпес із қалдырған, деп жазады Democrat.kz.

Актер Аман Тасығанға берген сұхбатында үйлену тойы қарсаңында жол апатына ұшырап, жұбайы Іңкәрдің ең жақын құрбысынан айырылғанын айтты.

Оның сөзінше, жолда аялдаған кезде келіншегінің құрбысы Жанболатпен орын ауыстыруды өтінген. Арада небәрі 20 минут өткенде ауыр жол апаты болып, бойжеткен көз жұмған.

«Ең қиыны – ата-анасына, менің келіншегіме естірту болды. Келіншегіме екі-үш күндей өтірік айттым. Өйткені менің келіншегімнің артқы лововой басын жыртып жіберген. Қан тоқтаған жоқ. Киноларла той көйлектің қып-қызыл қан болатынын. Тура сондай болды», – деп еске алды актер.

Қайғылы оқиғадан кейін Жанболаттың өзі де есеңгіреп, ал жұбайы ауыр психологиялық күйзеліске түскен.

«Іңкәр депрессияға түсіп кетті. Жан дегенде жан құрбысы. Уақыт емші, өткіздік. Ата-анасымен жүздестік, кешірім сұрадық. Өте қиын болды. Тағдыр солай болып тұр енді. Басына бардық, Құран оқыдық. Іңкәр өзін ұстай алмады. Үлкен жара болып қалды. Арада қанша жыл өтті еш жерде айтпағанмын. Айтқым да келмеді», – деді ол.

Актердің айтуынша, сол кезде «Өнер қырандарының» мүшелері Жанболат пен Мадияр қаза тапты деген жалған қауесет те тараған.

Ең ауыр сәттердің бірі – тойға келген қонақтардың жағдайы еді. 400 адамға дастархан жайылып, Алматыдан өнер адамдары арнайы келген. Алайда қуанышты той өткізудің орнына, жиналған жұрт қайғыға ортақтасуға мәжбүр болған.

«Әйелім қансырап жатты. Мен сотрясение далада жүрмін. Келген қонақтарым не істерін білмей жатыр. Жігіттерге Алла разы болсын, бәрін шығарып салды. 400 адамға дастархан жайылған. Үлкен тойхана», – деді Жанболат Найзабеков.

Осы оқиғадан кейін актер туған ауылында қалғысы келмей, жұбайымен бірге Алматыға көшкен. Қиын кезеңде өнердегі әріптестері қолдау көрсетіп, жас отбасының аяққа тұруына көмектескен.

Кейін жақын туыстарының ортасында шағын беташар өткізілгенімен, үлкен үйлену тойы сол күйі жасалмаған.

«Енді той жасайтын шығармыз деп отырмыз», – деді актер.

Жанболат Найзабеков қанша жыл өтсе де, сол күнгі қайғының жүрегінде сақталып қалғанын жасырмады. Бір сәтте өзгерген тағдыр, қыршын кеткен құрбысының өлімі мен той көйлегінің қанға боялған көрінісі жас жұбайлардың жадынан әлі өшпеген.

Барлық жаңалықтар