Мұрат Әбенов: "Масқара болғанымызды мойындауымыз керек!"

Мұрат Әбенов: "Масқара болғанымызды мойындауымыз керек!"

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында жұртты елең еткізер жазба жариялап, "ДосМұқасан" ансамблінің әншісі Мұрат Құсайыновтан кешірім сұрады. Сонымен қатар Мұрат Әбенов петицияға қол қойғанын мәлімдеді  деп жазады Democrat.kz.

«КЕШІРІҢІЗ БІЗДІ, МҰРАТ АҒА!» – деп бастады Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасын.

Ол өмірінде алғаш рет петицияға қол қойғанын айтып, оның себебін түсіндірді.

«Кеше өмірімде алғаш рет петицияға қол қойдым. Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петицияға. Композиторға, «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушылардың бірі әрі ұзақ жылдар бойы жетекшісіне. Бұл атаққа әбден лайық деп санаймын.

Бірақ қол қойғаннан кейін бір сұрақ ойымнан кетпей қойды. Халық әлдеқашан өз өнерпазы деп таныған адамды мемлекетке таныту үшін неге халықтың өзі қол жинауы керек? Сонда «халық әртісі» атағының мәні неде?» – деп жазды ол.

Мұрат Әбенов 1967 жылы құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің келер жылы 60 жылдығы атап өтілетінін еске салды. Сондай-ақ Мұрат Құсайыновтың «Туған жер», «Қуанышым менің» әндерінің музыкасын, «Бетпақ дала» композициясын жазғанын атап өтті.

Жазбада композиторды марапаттауға қатысты бұған дейін жасалған ресми қадамдар да көрсетілген.

Мұрат Әбеновтің мәліметінше, 2025 жылғы 3 желтоқсанда Мәдениет және ақпарат министрлігі Tengri Life басылымына Мұрат Құсайыновқа аталған атақты беру туралы өтініш түскенін хабарлаған. Ведомство тиісті құжаттар келесі жылы ресімделсе, кандидатура қаралатынын айтқан.

Ал петицияға тіркелген құжатқа сәйкес, «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» 2025 жылғы 23 маусымда Мұрат Құсайыновты осы атаққа ұсыну туралы шешім қабылдаған.

«Қол қойылған, мөр басылған. Осы құжат кейін қайда жіберілді? Министрлікке жетті ме, тіркелді ме? Жарияланған материалдардан бұл жағы анық емес. Сондықтан нақты түсіндіру қажет», – деді қоғам қайраткері.

Ол композитордың бұған дейін «Еңбек сіңірген әртіс», «Еңбек сіңірген қайраткер» атақтарымен, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталғанын еске салды.

«Менің ойым мынадай. «Халық әртісі» атағы халық өмірінен ерекше орын алған өнерпаздың еңбегін мемлекет мойындағанда мәнді болады. Сонда марапатқа деген құрмет те артады. Ал жұрт өзі айқын көріп отырған еңбекті мойындату үшін қайта-қайта өтініш айтуға мәжбүр болса, марапаттау тәртібіне сұрақ туады», – деп жазды ол.

Мұрат Әбенов бұл мәселеде биліктің де жауапкершілігі бар екенін айтып, композитордан кешірім сұраған.

«СІЗДІҢ АЛДЫҢЫЗДА МАСКАРА БОЛҒАНЫМЫЗДЫ МОЙЫНДАУЫМЫЗ КЕРЕК МҰРАТ АҒА», – деді ол.

Қоғам қайраткері жазбасының соңында халықты петицияға қол қоюға шақырды.

«Сіз қаншама жыл халық алдына өнеріңізбен шықтыңыз. Енді менің де Сіздің жаныңыздан табылғым келді. Осы атақты алу үшін петиция қажет болғаны көңіліме ауыр тисе де.

Кешіріңіз, Мұрат аға. Мен сонда да қол қойдым. Сізді қолдағандардың қатарында болғым келді. Өнеріңізге деген құрметпен. Бізге сыйлаған әндеріңіз үшін алғысыммен».

Бұл жазба мемлекеттік марапаттардың берілу тәртібі мен өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалау мәселесін қайта көтерді. Ендігі маңызды сұрақ – Мұрат Құсайыновтың кандидатурасы министрлікте қандай кезеңде қаралып жатыр және оны марапаттауға не кедергі?

Барлық жаңалықтар