Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылында балалар осыдан 103 жыл бұрын салынған мектепте білім алып жүр. Қыста сынып бөлмелерінің температурасы небәрі 9 градусқа дейін төмендейтінін мәлімдеген белгілі педагог Сұлтан Сүлеев облыс басшылығына өткір үндеу жасап, жаңа мектеп құрылысын дереу бастауды талап етті, деп жазады Democrat.kz.
Педагог Сұлтан Сүлеев Facebook парақшасында Азат ауылындағы мектептің мүшкіл жағдайын көтерді. Оның жазуынша, білім ордасы 1923 жылы қамыс пен балшықтан тұрғызылған.
Бір ғасыр бұрын ауыл тұрғындары балаларын оқыту үшін өз күштерімен салған ғимарат әлі күнге дейін пайдаланылып келеді.
«БІРАҚ АРАДАН 100 ЖЫЛ ӨТТІ... СОЛ САЗ МЕКТЕПТЕ БАЛАЛАР ӘЛІ ОҚЫП ЖАТЫР!» – деп ашынады педагог.
Сұлтан Сүлеев келтірген мәліметтерге қарағанда, мектептің жағдайы алаңдатарлық:
-
Қыста сынып бөлмелеріндегі температура +9 градусқа дейін төмендейді;
-
140 балаға арналған ғимаратта 400-ден астам оқушы білім алады;
-
Мұғалімдер бөлмесі де, демалыс бөлмесі де жоқ;
-
Асхана болмағандықтан, балаларға ыстық тамақ орнына суық самса беріледі;
-
Ғимарат тау етегіндегі жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан.
Мектептегі оқушылардың 73 пайызы ұйғыр, 14 пайызы қазақ, қалғандары өзге этнос өкілдері екенін де педагог атап өткен.
Оның айтуынша, мектепте ынтымағы жарасқан, білікті ұстаздар ұжымы қалыптасқан. Балалардың басқа білім ордасына ауысқысы келмейтін себебі де осы.
Ең сорақысы – жаңа мектеп салу мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді.
«8 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН УӘДЕ: Алматы облысы мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі 2023 жылы ПСД дайындап, жер бөлсе де, ешқандай қозғалыс жоқ», – деп жазды Сұлтан Сүлеев.
Педагог бұл жағдайды еліміздің басқа өңірлерінде жаңа, заманауи мектептер салынып жатқанымен салыстырып, Азат ауылы балаларының неге мұндай мүмкіндіктен шет қалғанын сұрайды.
«100 жыл бұрын бабаларымыз бұл мектепті амалсыздан, амалдың жоқтығынан саз балшықтан соқты. Ал 21-ғасырда олардың ұрпақтарын сол саз қабырғаның ішінде тоңдырып отырғызу – ата-баба үмітіне де, бүгінгі ұрпаққа да жасалған қиянат!» – дейді ол.
Педагог бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігінің де назар аударуын сұрап, жауапты органдардан жаңа мектеп құрылысын дереу бастауды талап етті.
Бұл мәлімдемеден кейін Алматы облысының әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше маңызды сұрақ туындайды.
103 жылдық ғимараттың техникалық жағдайы соңғы рет қашан тексерілді? Онда 400-ден астам баланың білім алуына кім рұқсат берді? Сынып бөлмелеріндегі температураның санитариялық талаптарға сәйкестігін кім қадағалап отыр? Жаңа мектепке қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайын болса, құрылыс неге басталмаған?
Әзірге бұл деректер Сұлтан Сүлеевтің жария мәлімдемесіне негізделген. Жауапты мекемелердің ресми түсіндірмесі ұсынылған жоқ.
Алайда мәселе тек ескі ғимаратта емес. Бұл – жүздеген баланың қауіпсіздігі, денсаулығы және сапалы білім алу құқығы.
Бір ғасыр бұрын ауыл тұрғындары балаларын сауатты ету үшін мектеп тұрғызды. Ал бүгінгі мемлекет сол балалардың ұрпағына қауіпсіз, жылы мектеп салып бере алмай отыр ма?