Бизнесвумен үшінші рет сотталды: Мемлекетке келген шығын 1,3 млрд теңге

Бизнесвумен үшінші рет сотталды: Мемлекетке келген шығын 1,3 млрд теңге

Бұл — кәсіпкер әйелдің үшінші соттылығы. Іс бойынша мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл жолы Эльмира Дүйсенқызы 2018-2023 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің құрылтайшысы бола отырып, жалған оқыту схемасын ұйымдастырды деп айыпталды деп жазады Democrat.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де аффилиирленген тұлғалар қатысқан. Студенттер оқу орнына ресми түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Осы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары бойынша бюджет қаражаты алынған.

Тергеу дерегіне сүйенсек, жалған қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтар шығарылып, электронды цифрлық қолтаңбалар пайдаланылған. Сондай-ақ орындалған жұмыстар туралы номиналды актілер рәсімделген. Яғни бюджет қаражатын жымқыруға оқу процесінің барлық дерлік кезеңі тартылған.

Бұдан бөлек, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқитын бірқатар студент, тергеу нұсқасы бойынша, мемлекет есебінен білім алып жатқан студент ретінде көрсетілген.

Ал Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі, тергеушілердің айтуынша, іс жүзінде жұмыс істемеген. Ол тек бюджет қаражатын игеру үшін пайдаланылған деген күдік бар.

Барлық жаңалықтар