Өңдеу ақысы нөлге түсті екен деп, зауыттың шығыны жоғалып кетпейді. Мыс концентратының тарифін талқылағанда осыны ескеру керек, деп есептейді ғалым Өмірсерік Байгенженов, деп жазады Democrat.kz.
Оның пайымынша, бүгінгі бағаны арзандатудың қамымен ертеңгі өндірісті дамыту мүмкіндігін шектеп алмау маңызды.
Сәтбаев университеті жанындағы О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасының профессоры фейсбуктегі жазбасында тариф дауының ауқымы бір қызметтің бағасынан әлдеқайда кең екенін айтады.
Қазақстан мысты қазып алып, концентратын шетелге жөнелтумен шектеле ме, әлде оны ел ішінде әрі қарай өңдейтін өндірісті өркендете ме? Талқының түбінде осы таңдау жатыр.
«Түптеп келгенде, әңгіме нарыққа қатысушылардың бүгінгі пайдасын қайта бөлуде емес. Әңгіме Қазақстанның келешек ұрпаққа қандай өнеркәсіп қалдыратынында», — деп жазды Байгенженов.
Ғалымның айтуынша, қазір әлемде мыс концентратын өңдеу ақысы бұрын-соңды болмаған төмен деңгейге түскен. Қазақстан болса, дәл осы тұста шикізатты терең өңдеп, одан құны жоғары өнім шығаруды көздеп отыр.
Бірақ әлемдік өңдеу ақысы мен зауыттың нақты шығыны — екі бөлек нәрсе. Жазбада халықаралық нарықта TC деп белгіленетін бұл ақының ең алдымен қолда бар концентрат көлемі мен оны балқытатын зауыттардың қуатына қарай қалыптасатыны түсіндіріледі. Шикізат жетіспесе, зауыттар оған таласып, өңдеу ақысын төмендетеді.
Байгенженов Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) деректерін келтіреді: 2026 жылы жылдық бағдар ретінде алынатын өңдеу ақысы тоннасына 0 доллар болып белгіленген. Ал жедел жеткізу мәмілелеріндегі өңдеу ақысы 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр.
Зауыттар арасындағы бәсекенің күшеюін өндіріс қуатының өсуінен де аңғаруға болады. Ғалым келтірген дерекке сүйенсек, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту қуаты өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылға қарай бұл елдің үлесі әлемдік мыс балқыту қуатының шамамен жартысына жеткен.
«Әлемдік өңдеу ақысы нарықтағы жағдайды бағдарлау үшін маңызды. Бірақ оны өңдеудің өзіндік құны деп бірден қабылдауға болмайды», — дейді профессор.
Өйткені тариф қанша төмендесе де, кәсіпорын электр энергиясына, жұмысшылардың еңбекақысына, жөндеуге, қоршаған ортаны қорғауға және жабдықты жаңартуға қаржы жұмсайды.
Қосымша өнімнен түсетін табыс та бұл мәселені түгел шешпейді. Алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа ілеспе өнімдер өңдеу ақысы төмендеген кезде кәсіпорынға демеу бола алады. Алайда оларды бөліп алу мен өндірудің өзіне жабдық, энергия және қосымша шығын керек.
«Олардан түсетін түсім таза пайда емес: бөліп алу мен өндіру де жабдықты, энергияны және қосымша шығынды қажет етеді», — деп жазады Байгенженов.
Ол ХЭА тұжырымына да назар аударады: өңдеу ақысынан түсетін кіріс жоғалған сайын металлургия кәсіпорындары бағасы құбылмалы ілеспе өнімдерге көбірек тәуелді болады.
Даудың келесі түйіні — зауытты жаңартуға кім қаржы салады деген сұрақ. Профессордың пікірінше, металлургия кәсіпорнын ондаған жыл бойы күнделікті жөндеумен ғана ұстап тұру мүмкін емес. Жабдықты жаңарту, экологиялық жобаларды іске асыру, өндірісті автоматтандыру және қуатын ұлғайту қажет. Сондықтан өңдеу тарифін есептегенде инвестицияға жұмсалатын қаржыны ескеру орынды. Бірақ мұның да нақты шарты болуы керек.
«Инвестиция нақты кәсіпорынмен және нақты жобамен байланысты болуы, іс жүзінде жұмсалған шығынмен расталуы әрі қайтарым мерзімі түсінікті болуы керек. Осындай шектеулер ғана инвестициялық тетікті тиімсіз жұмыстың шығынын жай ғана өтеуден ажыратуға мүмкіндік береді», — дейді ол.
Кен өндірушілердің мүддесін де елеусіз қалдыруға болмайды, деп санайды ғалым. Олардың өңдеу шығынын азайтуға және өнімін ең тиімді нарыққа сатуға ұмтылуы негізді. Демек, ішкі тарифтің қалай есептелетіні барлық тарапқа түсінікті болуы шарт.
Байгенженовтің пайымынша, мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесінің мәні де осында: баға жеке шешімдермен емес, тексеруге болатын шығындар мен инвестицияға қатысты түсінікті есепке сүйенген ортақ формуламен анықталуы керек. Өзара байланысты компаниялар мен тәуелсіз жеткізушілерге бірдей қағида қолданылуға тиіс.
Ал өңдеудің табыстылығы тек әлемдік нарықтағы ағымдағы ақыға тәуелді болса, қолданыстағы зауыттарды жаңартуға да, жаңа өндіріс қуатын құруға да қаржы салу тартымсыз болып қалуы мүмкін.
«Мемлекеттің міндеті — бір тарапты екіншісінің есебінен қолдау емес, кен өндіруді де, өңдеуді де дамытуға ынтаны сақтайтын, алдын ала болжам жасауға болатын ережелер қалыптастыру», — деп жазады профессор.
Ғалым бұл мәселеге мемлекеттің араласуын жер қойнауы халыққа тиесілі деген конституциялық қағидамен байланыстырады. Оның жазуынша, Конституция жер қойнауы мен өзге табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенін, ал мемлекет меншік құқығын халық атынан жүзеге асыратынын бекітеді.
Бұл шикізатты шетелге шығаруға тыйым салу деген сөз емес. Байгенженовтің түсіндіруінше, табиғи байлық елге кен өндіруден түсетін табыспен ғана емес, өңдеу өндірісі, инвестиция, жұмыс орындары және инженерлік білім мен тәжірибе арқылы да пайда әкелуі керек.
Ол «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңның шикізатқа сүйенген үлгіден алыстауды, өңдеуді тереңдетуді және қосылған құны жоғары өнім шығаруды мақсат ететінін еске салады. Заңның 60-бабында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етудің арнайы тетігі қарастырылғанын да атап өтеді.
Ғалымның жазуынша, 2026 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту өкілеттігі берілген. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы айтқан сөзін де келтіреді:
«Терең өңделген өнім өндіру шикізатты сыртқа шығарудан коммерциялық тұрғыдан тартымдырақ болуға тиіс».
Байгенженов әдістемені осы мақсатпен байланыстырады. Оның міндеті концентратты әкімшілік жолмен елде ұстап қалу немесе кен өндірушілердің табысын металлургтерге бөліп беру емес. Кен өндіруге қаржы салу тиімді болып қалуы, ал ел ішіндегі өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеуге, жаңаруға және өндірісін кеңейтуге мүмкіндік алуы керек.
Сондықтан, профессордың пікірінше, талқы Қазақстанның өз шикізатын өңдеуге ереже белгілеуге құқығы бар-жоғы жөнінде емес, сол ережені қалай ашық, экономикалық тұрғыдан негізді әрі баршаға ортақ ету төңірегінде жүруге тиіс. Ол тариф әдістемесін осындай өнеркәсіп саясатына қажетті заманауи құрал деп бағалайды.
Өмірсерік Сабыржанұлы Байгенженов — философия докторы, профессор. Ол 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері болған. 2020 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған. Хирш индексі — 20, ғылыми сараптамадан өтетін журналдарда жарияланған 50 еңбектің авторы.
Ғалымның түйіні мынау: табиғи байлықтың мол болуы өздігінен қуатты өнеркәсіпке кепіл емес. Оны елдің ұзақ мерзімді игілігіне айналдыратын өндіріс пен тұрақты ереже қажет.
«Әдістеме келесі қадамды жасауға — елдің табиғи артықшылығын ұзақ мерзімді өнеркәсіптік артықшылыққа айналдыруға мүмкіндік береді», — деп жазды ол.