"Бұл қандай қауіпсіздік?" деген білікті ұстаз министрге үндеу жасады

"Бұл қандай қауіпсіздік?" деген білікті ұстаз министрге үндеу жасады

Әлеуметтік желі қолданушысы Гүлжазира Бекболатқызы мектептегі «жүктемені азайту» саясаты қағаз жүзіндегі ұран күйінде қалып отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, жаңа курстар, шұғыл сауалнамалар мен есептер көбейген сайын оқушы да, мұғалім де бұрынғыдан бетер шаршап жүр, деп жазады Democrat.kz.

Автор әсіресе «Оқушылардың жеке қауіпсіздігі» курсының ұйымдастырылуына назар аударған.

Оның сөзінше, екінші ауысымда оқитын балаға сегізінші не тоғызыншы сабақ қосылса, ол мектептен кешкі сағат 20:00-ден кейін шығуы мүмкін.

«10–13 жастағы бала шаршап-шалдығып, қараңғыда үйіне қайтып бара жатса, бұл қандай қауіпсіздік?» – деп сұрайды ол.

Жазбада мектеп психологтарының жүктемесіне қатысты да мәселе көтерілген. Автордың есебінше, курсқа айына 0,25 сағат қана бөлінсе, психолог небәрі 8 сағаттық жүктемені толтыру үшін 32 түрлі сыныпқа кіруге мәжбүр болады.

Мұғалімдерге түнге қарай жіберілетін «міндетті» сауалнамалар да сынға алынды. Автордың айтуынша, кейде анкета кешкі сағат 20:00-де жіберіліп, келесі күннің түске дейін 100 пайыз қамту талап етіледі. Соның салдарынан мұғалімдер ата-аналарға қайта-қайта хабарласып, есепті уақытында жабуға тырысады.

Гүлжазира Бекболатқызы маңызды қауіпсіздік тақырыптарын жеке курс етіп көбейтудің орнына сынып сағатына, дене шынықтыруға немесе басқа қолданыстағы сабақтарға кіріктіруді ұсынады.

«Жаңа талап ойлап тапқан мамандарды бір аптаға нақты мектепке, екінші ауысымға жіберіп көру керек. Сонда қағаздағы есеп пен мектептегі шынайы өмірдің айырмасын көрер еді», – деген мазмұнда пікір білдірді ол.

Жазба авторы Оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына да сауал жолдап, мектеп кестесін жаңа курстармен толықтыру тәжірибесі жалғаса бере ме деген сұрақ қойды.

Барлық жаңалықтар