Мәжіліс депутаты Айдос Сарым соңғы уақытта қоғамды ойлантқан маңызды сұраққа қатысты өз пікірін білдірді. «Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін бе?» деген сұраққа қатысты депутат өз болжамын айтты деп жазады Democrat.kz.
«Меніңше, Дариға Нұрсұлтанқызының дәуірі өтті. Ол, ол ма саяси тұрғыда өте-мөте сүйкімсіз тұлғаға айналып кеткен саясаткер. Әрине, ешкім оған қоғамдық не саяси іспен айналысуға, қандай да бір партияға мүше болуға тыйым сала алмайды.
Ал партиялар оны өз қатарынан көргісі келе ме, келмей ме, бұл енді басқа мәселе. Сондықтан Дариға вице-президент немесе премьер болады деген әңгімеге мүлде иланбаймын. Ел арасынан «Дариға Нұрсұлтанқызы, келіңіз, бізді құтқарыңыз…» деп айтатын адам табылады деп те ойламаймын.
Шынымды айтсам, мұндай жағдайдың орындаларына сену қиын», – деді Айдос Сарым журналиске берген сұхбатында.
Тілшілер депутатқа «Дариға Назарбаева «Халық кеңесінің» мүшесі бола ала ма?» деген сауал да қойды.
«Оның оған не қажеті бар? Сіздер оны қазір нашар өмір сүріп жатыр деп ойлайсыздар ма?» – деп қысқа қайырды депутат Айдос Сарым.