Қазіргі уақытта түрмеде отырған "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің әйелі Айкөл Аликжановамен ресми түрде ажырасқаны мәлім болды деп жазады Democrat.kz.
Бұл туралы Айкөл Аликжанова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
"БАҚ мен туралы түрлі ақпараттар тарата бастапты. Соған орай айтарым, біз Арман екеуіміз ресми некеде болғанбыз. Екеуіміз де үлкен махаббаттың арқасында үйленіп, шаңырақ көтердік.
Өкінішке қарай, Арманның қалауымен ажырастық. Мен Арманды күтуге, әрқашан қолдауға дайын едім. Аллаһ басқаша шешім шығарыпты....
Арман екеуіміздің ортақ қызымыз бар. Арманның маған дейін ешкіммен ресми некесі, баласы болмаған.
Арман екеуіміздің арамызда ешқандай реніш, дұшпандық жоқ, қызымызды бірге өсіреміз. Ажырасу маған өте ауыр тиіп жатыр. Десек те, жеке мәселемнің бәрін айтуға міндетті емеспін", деп жазған Айкөл Аликжанова "Дикий Арман" екеуінің неке куәлігін жариялады.
Еске салып өтейік, Айкөл Аликжанова-қырғызстандық актриса және модель, "Қырғызстан аруы - 2014" және "Интернет аруы KG - 2012"сұлулық байқауының жеңімпазы. 2016 жылы ол хиджаб киді. Содан кейін ол мұсылман сәнінің дизайнері болды. Аликжанованың Жұмагелдиевке тұрмысқа шыққаны туралы "Дикий Арман" 2022 жылдың 7 қаңтарында Алматыда ұсталған кезде белгілі болды.
2025 жылдың 27 қаңтарында Сот үкімімен Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топты құруға және басқаруға, бандитизмге, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға, адам ұрлауға кінәлі деп танылып, сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды.
