Журналист Динара Сәтжан әлеуметтік желіде танымал болған Бағдагүл атты сынықшыны өзін сынағаны үшін сотқа беріп, бүгін Астанада бірінші сот отырысына қатысты деп жазады Democrat.kz.
"Біз сөз бостандығы Конституциямен кепілдік берілген мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.
Бұл – шын мәнінде маңызды құндылық.
Алайда әрбір құндылық саналы көзқарасты талап етеді. Өйткені сөз бостандығы – тек өз пікіріңді айту мүмкіндігі ғана емес, айтқан сөзің үшін жауапкершілік те.
Сөз бостандығы ешкімді қорлау еркіндігін білдірмейді. Ол өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілген жерде аяқталады.
Бір ай бұрын мен Ақтөбедегі өзін «емші» деп таныстыратын әйелдің үстінен сотқа талап-арыз берген едім.
Бүгін Астанада іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.
Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан кез келген дауды заң аясында шешу маңызды.
Өзіңді қорғау – жанжалқой болу деген сөз емес. Мені жеке танитын адамдар менің ешкімге өшпенділік сақтамайтынымды жақсы біледі.
Алайда әлеуметтік желіде сөз таластыру – менің ұстанымым емес.
Сондықтан Бағдагүл өз сөздері үшін TikTok-та емес, сот алдында жауап береді.
Осы ретте кәсібилігі мен маған сенімділік сыйлаған адвокатым @rena_kerimova-ға шынайы алғысымды білдіремін." деп жазды ол өз парақшасында.