Белгілі діндар Мұхамеджан Тазабек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Президент Тоқаевтың саясатын қолдап, ерекше жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Бүгінгі ауызашарда бір інім сұрады:
– Аға, референдумға барасыз ба?
Мен:
– Ия, барамын, – дедім.
– Неге барасыз? Бәріне келісесіз бе? - дейді.
Мен күліп айттым:
– Інім, өмірде бәріне келісетін шешім, мінсіз жүйе болмайды ғой…
Кейде өз ата - анаңмен де бір пікірде болмайсың.
Кейде ең жақын жарыңмен де ойың екіге бөлінеді.
Бірақ сол үшін олардан бас тартып кетпейсің ғой.
Өмірде ең көп кездесетін заңдылық:
Екі жақсы нәрсе кездессе - пайдасы көбірегін таңдайсың.
Екі күмәнді нәрсе болса - зияны азын таңдайсың.
Сөйтіп алға жүресің.
Бұл - фәни дүние!
Мінсіз жәннат емес.
Маған айналамда, немесе өзімнің ішкі-сыртқы дүниемде көп нәрсе ұнамауы мүмкін.
Бірақ елдің тағдыры жеке көңіл-күйден биік тұрады. Қазір сабыр ғып, ертең елдің мүддесі түгенделетін болса мен байсалды болуға дайынмын.
Қазіргі ашуың, артық сөзің үлкен бәленің есігін ашуға себеп болса, ондай “шынайылығың, шындығың” елдік тұрғыдан ақталмайды.
Бүгін бізге ең керегі –
ішкі ынтымақ,
бір ауызды бірлік,
және мемлекетшіл сана!
Әсіресе, бүгінгі АҚШ пен Иранның қақтығысы, созылып бара жатқан Ресей мен Украинның отты ошақтары аз ескерту емес.
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлының жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүргенінің сырын түсінгендейміз.
Президент бастап отырған бағытта
ел болып бірге болу - бүгін бәріміз үшін жауапкершілік!
Сау басыңа сауға тілеп, аулаға бомба түскеннен Алла сақтасын!"деп жазды Мұхамеджан Тазабек.