Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл жолы оның босатылуы шартты емес, тағайындалған мерзімнің аяқталуына байланысты, деп жазады Democrat.kz.
Ертаев 2018 жылы ұсталған болатын.
2020 жылы сот оны Bank RBK қаражатын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 11 жылға бас бостандығынан айырған.
Кейін жаза мерзімі тоғыз жылға дейін қысқартылды. Тергеу кезінде қамауда болған уақыты да жалпы мерзімге есептелді.
2021 жылы ол Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банктің кредит қаражатын жалған астық қолхаттары арқылы жымқыруға қатысты тағы бір іс бойынша сотталған.
2025 жылдың күзінде Ертаев амнистия аясында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған еді. Кейін бұл шешімнің күші жойылып, ол қайтадан колонияға жіберілді.
16 қыркүйекте жарияланған мәлімет бойынша, енді оның сот белгілеген мерзімі толық аяқталған.