Экс шенеунік Мәминнің туыстары шіріген байлар екен

Экс шенеунік Мәминнің туыстары шіріген байлар екен

«Выход к морю» Telegram-арнасы Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминнің туған інісі мен жиендерінің Ұлыбритания астанасында жалпы құны 10,4 миллиард теңгеден асатын екі пәтері бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Арнаның мәліметінше Ернар мен Әлібек Маминдердің атындағы апартаменттер қазіргі бағаммен 15,7 миллион фунт стерлингке (шамамен 10,4 млрд теңге) бағаланып отыр. Құжаттарға сәйкес бұл нысандардың нақты бақылаушысы олардың әкесі әрі Асқар Маминнің туған інісі – Марат Мамин болып шықты, яғни оның қолы қойылмаса ұлдары өз атындағы баспананы сата да, жалға бере де алмайды.


Аталған пәтерлер Кенсингтон бақтары мен Гайд-паркке жақын орналасқан Лондондағы беделді Bayswater ауданында орналасқан. Ол маңайда посткеңестік элита өкілдері, оның ішінде қазақстандық бизнесмендер Владимир Ким мен Владимир Нидің отбасылары құны 150 миллион фунттан (шамамен 94 млрд теңге) асатын үйлері орналасқан. Сондай-ақ Ринат Ахметов пен Олег Дерипаска сияқты ресейлік және украиналық олигархтардың үйлері де бар.


Асқар Маминнің туыстары бұл аудандағы Lancaster Gate тұрғын кешеніне 2014 жылы ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарып тұрған кезде көшіп барған. Марат Мамин бірінші пәтерді 8,7 миллион фунтқа (шамамен 5,7 млрд теңге) сатып алса, 2022 жылдың желтоқсанында төрт жатын бөлмесі бар екі деңгейлі бұл апартаменттің ресми иесі оның кенже ұлы Әлібек атанған. Осыдан бір жыл бұрын әкесі дәл сол үйден құны 7 миллион фунт (шамамен 4,5 млрд теңге) болатын тағы бір пәтер алып, оны үлкен ұлы Ернардың атына жаздырған. Лондонда кәсіп ашып кейін оны жапқан ағайындылар ата-анасымен бірге Ұлыбритания азаматтығын алып, Қазақстан төлқұжатынан заңды түрде бас тартқан.


Журналист Дмитрий Шишкиннің деректеріне сүйенсек, бұл отбасының Қазақстандағы бизнесі сауда және ойын-сауық саласымен байланысты болған. Ернар Мамин табысы жақсы бірнеше фирмаға иелік етсе, әкесі Астанадағы «Еуразия» сауда орталығын басқарған.
Бұдан бөлек Марат Маминнің атында басқа елдерде де қымбат мүліктер тіркелген.

Америка Құрама Штаттарындағы Орландо маңында әйелі Гүлмира екеуінің атында алты жатын бөлмесі, алты жуынатын бөлмесі және үлкен бассейні бар көл жағасындағы 20 сотық жерді алып жатқан зәулім үй орналасқан. Ол Флоридадан 8,2 миллион долларға алған мұхит жағасындағы тағы бір коттеджін айтарлықтай арзан бағаға сатып, келісімнен 2 миллион доллардай шығынға батса да, Майами маңындағы Aventura Marina Two кешенінде көлемі 278 шаршы метр болатын үш бөлмелі апартаментін сақтап қалған.


Сонымен қатар Азаттық тілшілері Марат Маминнің Дубайдағы Al Bateen Residences тұрғын үй кешенінде құны 1 миллион доллардан асатын тағы бір пәтері бар екенін анықтаған. Ал бұрынғы премьер-министр Асқар Маминнің өзінде мұндай қымбат шетелдік жылжымайтын мүлік әзірге табылмаған. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін саясаттан кетіп, қазір Қазақстан хоккей федерациясының басшысы қызметін атқарып жүр.

 

Барлық жаңалықтар