Ғарышкер Н.Назарбаев туралы ел білмейтін шындықты айтты

Ғарышкер Н.Назарбаев туралы ел білмейтін шындықты айтты

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада болған өткір әңгімесін еске алды деп жазады Democrat.kz.сайты Ara.media.kz-ке сілтеме жасап. 

Даудың негізгі себебі стратегиялық маңызы бар Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы шешім. Ғарышкердің айтуынша, ол бұл қадамға басынан-ақ түбегейлі қарсы болып, өз ұстанымын сол кездегі ел басшысына тікелей жеткізген.

Оқиға Кремльдегі келіссөздерден кейін, ұшақпен елге қайтып келе жатқан сәтте орын алған. Тоқтар Әубәкіров сол сәтте президентке енді оның қарамағында жұмыс істемейтінін ашық айтқан. «Кремльден шығып, ұшақпен ұшып келе жатқанымызда мен: «Енді қол астыңда жұмыс істемеймін» дедім. Президент қасына шақырып, «шай ішейік» дегенде, мен: «Сізбен ештеңе ішпеймін, сіз қазақтың жауысыз» деп тура айттым. Бұл менің оған бірінші рет бетіне айтқан сөзім еді. Ол болса маған «сен ештеңе де білмейсің, саясаттан хабарың жоқ, жас баласың» деп жауап берді. Дегенмен, мен шешімімнен қайтпай, қызметтен босатуын талап еттім»,-деп еске алады ғарышкер.

Қызылорда облысы аумағында орналасқан Байқоңыр әлемдегі ең ірі әрі тарихи маңызы зор ғарыш айлағы. Оның құрылысы 1955 жылы басталып, 1957 жылы адамзат тарихындағы алғашқы жасанды жер серігі, ал 1961 жылы Юрий Гагарин осы жерден ғарышқа аттанды.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін айлақ еліміздің меншігіне өткенімен, 1993 жылы Ресей Федерациясына жалға берілді.

Кейіннен жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Бүгінде Байқоңыр халықаралық ғарыш бағдарламалары үшін маңызды нысан болып қала бермек. 

Барлық жаңалықтар