Әлеуметтік желіде Иманғали Тасмағамбетов туралы бұған дейін еш жерде айтылмаған жаңа дерек айтылды. Білім министрлігінде қызмет еткен жазба авторының сөзінше, "Әліппе" оқулығын қайтару жөніндегі алғашқы нақты тапсырманы 2016 жылы сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов берген, деп жазады Democrat.kz.
Автордың айтуынша, 2016 жылғы қыркүйекте Тасмағамбетов әлеуметтік саланы қадағалайтын вице-премьер болып тағайындалғаннан кейін Білім және ғылым министрлігінде жұмыс кеңесін өткізген. Сол жиында ол министр Ерлан Сағадиевтен бірнеше буын оқыған «Әліппенің» не себепті қолданыстан шығарылғанын сұрап, қысқа ғана:
«Әліппені қайтарыңдар», – деп тапсырма берген.
Жазба авторы сол кезде министрліктің Әкімшілік департаментін басқарғанын және жиын хаттамасын өзі жүргізгенін айтады. Оның сөзінше, тапсырма 2016 жылдың IV тоқсанына арналған министрлік жоспарына енгізіліп, содан кейін «Әліппені» әзірлеу жұмысы басталған.
Ресми деректер хронологияның маңызды бөлігін растайды: Иманғали Тасмағамбетов 2016 жылғы 13 қыркүйекте вице-премьер болып тағайындалған. Ал 2017–2018 оқу жылында жаңа «Әліппе» 18 мектеп пен 30 балабақшада апробациядан өтіп жатқаны Үкіметтің ресми ресурсында жарияланған.
Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым вице-министрі қызметіне тек 2017 жылғы 29 тамызда келген. Сондықтан жазба авторы «Әліппені» қайтару жұмысы оның министрлік басшылығына келуінен бұрын басталғанын атап отыр.
Дегенмен «Әліппенің» бірінші сыныптарға жаппай қайта оралуы 2021 жылы, Асхат Аймағамбетов министр болған кезеңде жүзеге асты. Сол жылы ол Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген жаңа оқулықты таныстырып, 1 қыркүйектен бастап барлық бірінші сынып оқушыларына берілуін тапсырды.
Яғни ашық деректерге қарағанда, «Әліппені» қайта әзірлеу жұмысы 2016–2017 жылдары басталған, ал оны мектептің бірінші сыныбына толық қайтару бірнеше жылдан кейін жүзеге асқан.