Ипотеканың алғашқы жарнасын мемлекет төлеп бере алады: Тұрғын үй сертификатын кімдер алады?

Ипотеканың алғашқы жарнасын мемлекет төлеп бере алады: Тұрғын үй сертификатын кімдер алады?

Ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарнаны жинау көп отбасы үшін қиындық тудырады. Кей жағдайда бұл соманың бір бөлігін мемлекет өтеп бере алады. Мұндай көмек тұрғын үй сертификаты арқылы көрсетіледі деп жазады Democrat.kz. сайты Krisha.kz.-ке сілтеме жасап. 

Тұрғын үй сертификаты деген не?

Тұрғын үй сертификаты — ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын төлеуге берілетін мемлекеттік көмек. Қаражатты жергілікті әкімдіктер бөледі.

Сертификатты:

  • тек бір рет;
  • тұрғын үй заемы алдын ала мақұлданғаннан кейін ғана пайдалануға болады.

Мемлекет қанша ақша береді?

Сертификаттың көлемін әр өңірдің әкімдігі дербес белгілейді.

Мысалы:

Өңір Сертификат мөлшері
Алматы 1,5 млн теңгеге дейін
Астана 1,5 млн теңгеге дейін
Шымкент 1 млн теңгеге дейін
Облыстардың басым бөлігі 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін

Нақты сома, берілетін сертификат саны және өтініш қабылдау мерзімі жыл сайын жергілікті әкімдік пен мәслихат шешіміне байланысты бекітіледі.

Сертификатты кімдер ала алады?

Бұған дейін тұрғын үй сертификаты негізінен баспана кезегінде тұрған жекелеген әлеуметтік санаттарға ғана берілетін. Сондай-ақ оны қолдануға болатын ипотекалық бағдарламалардың саны шектеулі еді.

Қазір сертификат алушылардың да, оны пайдалануға рұқсат етілетін тұрғын үй бағдарламаларының да тізімі кеңейтілген.

Алайда үміткерлер санатын жергілікті мәслихаттар анықтайтындықтан, талаптар өңірге қарай өзгеруі мүмкін.

Көбіне тұрғын үй сертификаты мына санаттарға беріледі:

  • көпбалалы отбасыларға;
  • толық емес отбасыларға;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға;
  • мүгедектігі бар адамдарға;
  • дәрігерлерге;
  • мұғалімдерге;
  • мәдениет қызметкерлеріне;
  • құтқарушыларға;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне.

Қаражатты қайтару қажет пе?

Бұл отбасының табысына байланысты.

Тұрғын үй сертификаты екі түрде берілуі мүмкін:

Қайтарымсыз әлеуметтік көмек. Бұл жағдайда алынған ақшаны мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ.

Бюджеттік несие. Ол жылдық 0,01 пайызбен 15 жылға дейін беріледі.

Отбасыға көмектің қай түрі ұсынылатыны оның соңғы алты айдағы орташа табысына қарай анықталады.

Қайтарымсыз көмек алу үшін әр отбасы мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс 3,1 күнкөріс минимумынан аспауға тиіс.

2026 жылы:

  • күнкөріс минимумы — 50 851 теңге;
  • бір адамға шаққандағы ең жоғары табыс — айына 157 638 теңге.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының жалпы орташа айлық табысы 630 552 теңгеден аспаса, қайтарымсыз көмек алу мүмкіндігі бар.

Ал табыс бұл мөлшерден жоғары болса, сертификат жылдық 0,01 пайыздық жеңілдетілген несие ретінде берілуі мүмкін.

Үйді қай жерден сатып алуға болады?

Сертификатты негізінен өтініш беруші тіркелген өңірден тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады.

Алматы мен Астана тұрғындарына ерекше мүмкіндік қарастырылған: олар баспананы қаланың маңындағы елді мекендерден де сатып ала алады.

Қандай ипотекалық бағдарламаларға қолданылады?

Тұрғын үй сертификатын мына бағдарламалар бойынша алғашқы жарнаға пайдалануға болады:

  • «Бақытты отбасы»;
  • «Шаңырақ»;
  • «Наурыз»;
  • «Наурыз Жұмыскер».

Бұдан бөлек, кей өңірлер сертификатты басқа мемлекеттік немесе жергілікті ипотекалық бағдарламаларға қолдануға рұқсат етуі мүмкін. Мұндай бағдарламалардың тізімін әр әкімдік өзі белгілейді.

Тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады?

Алдымен банктен ипотекалық несиеге алдын ала мақұлдау алу қажет.

Одан кейін өңірдегі сертификатқа өтініш қабылдау басталғанын күтіп, әкімдік арқылы немесе Kezekte.kz сайтына өтініш беру керек.

Өтінішке мына құжаттар қоса тіркеледі:

  1. Жұмыс орнынан берілген анықтаманың электрондық көшірмесі. Бұл талап халықтың әлеуметтік осал топтарына қолданылмауы мүмкін.
  2. Банктің ипотекалық тұрғын үй заемын мақұлдағаны туралы хаты. Құжатта несие сомасы мен ай сайынғы төлем мөлшері көрсетілуге тиіс.

Сертификат алуға құқығыңыз бар ма?

Тұрғын үй сертификатына үміткер болу үшін бірнеше талап қатар орындалуы қажет:

  • жергілікті мәслихат бекіткен санаттардың біріне жатуыңыз;
  • сертификат қолдануға рұқсат етілген ипотекалық бағдарламаға қатысуыңыз;
  • банктен тұрғын үй заемына алдын ала мақұлдау алуыңыз;
  • отбасы табысына қойылатын талаптарға сәйкес келуіңіз керек.

Соңғы шешімді жергілікті әкімдік қабылдайды. Үміткерлер санатын, сертификат көлемін, өтініш қабылдау мерзімін және бөлінетін сертификат санын да әкімдіктер мен мәслихаттар белгілейді.

Барлық жаңалықтар