Иран халқы: Дәл қазір қияметті көзбен көріп отырмыз

Иран халқы: Дәл қазір қияметті көзбен көріп отырмыз

Израиль мен Иран елінің арасындағы соғыс әлемнің назарын өзіне тікті. Желідегі парақшасында осы соғысқа қатысты жазба жариялаған танымал журналист Қуанышбек ҚАРИ мәселеге қатысты пікір білдірді деп жазады Democrat.kz.

"Біздің көшемізде орналасқан қарулы күштердің зерттеу орталығы ғимаратын жаңа ғана ауыр зымырандармен атқылады. Соққының күшті болғаны сондай - мені төсектен жерге лақтырып жіберді. Қазір біздің көшеміз жаһаннамға айналды. Қаладан қашып кетейік десек, бензин тапшы. Біздің махалламызды таң атқалы зымыранмен атқылап жатыр. Тегеранның көп жерінде бұрын-соңды болмаған деңгейде жарылыстар болып, өртке оранған. Халық бас сауғалау үшін метроға жете алмай отыр. Бас сауғалайтын басқа орын жоқ. Қиямет күнін көзбен көріп отырмыз. Төңірек толы дүрбелең. Тек жаратқанға жүгінеміз..." Иранға хабарласқанда осындай мәлімет алып отырмыз. Тегеранда өзіміз оқыған университет жатаханасының жоғарғы жағында, Амирабад көшесінде ядролық физика лабораториясы бар еді. Оны да Израиль алғашқы лекпен зымыранмен атқылапты... Иранның көп жері атқыланғанымен, әзірге зымыран бағытталған қалалардың ішінде Шираз аталмай тұр. Шираз, Исфахан төңірегінде еврей диаспорасы тұрады. Иран теле-радиосы иврит тілінде де хабар таратады. Кезінде өзіміз жұмыс істеген Иран теле-радиосының қазақ бөлімінің біз кеткен кездегі басшысы бұрын сол еврей радиосын басқарған азамат еді. Сол кісі бір кезде осы иврит тіліндегі Иран радиосына Израиль президенті Моше Кацавтың өзі хабарласып, тілек білдіргенін айтып отыратын. Моше Кацав Ирандағы Иазд жерінде туып өскен болатын... Израиль тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда Иран Таяу Шығыста еврейлер көп тұратын мемлекет еді. Ел тарихында да еврей-яхуди жұрағаты қалдырған мұралар жеткілікті. Ғасырлардан жеткен түрлі архитектуралық құрылыстар мен жазба ескерткіштерін еске алуға болады. Арасында атақты тарихшылары да болуы мүмкін... Жалпы, яхуди мен Иранды байланыстыратын жіптің ұштығын оңай табуға болады. Ал қазір екі жақтан да құрғақ идеологияға тойып алған режим басшыларының неге жеткізгенін көріп отырмыз. Бұл соғыс диктаторлардың билікте ұзақ мерзімге қалуды көздеген әрекетінен де туындап отыр. Өкінішке орай, ондай амбицияның құрбаны - қарапайым адамдар..." деп жазды Қуанышбек ҚАРИ. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар