Омандағы жүздеген қазақ эвакуацияны күтіп, әуежайда қалды, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған бейнеүндеуде елге қайта алмай, жолда қалған отандастарымыз президент Тоқаевтан көмек сұрады.
«Құрметті қазақ халқы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаймыз. Біз Дубайда бірнеше күн отельде күтіп жаттық, кейін Оман еліне әкелді. Осында жеткенімізге бірнеше сағат болды. Арамызда кішкентай сәбилер, қарттар мен мүгедек жандар бар. Кешеден бері бір ғана ұшақ ұшты. БАҚ-та айтылып жатқан ақпараттың бәрі бекер. Біз өте қиналып отырмыз. Жағдайымыз ауыр. Әсіресе, бала-шаға қалжырап кетті», – дейді видеодағы азаматтар.
Жиналған жұрт тез арада Қазақстан тарапынан нақты көмек көрсетіліп, елге жеткізуді талап етуде. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар видеоны кеңінен таратып, мемлекеттік органдардың назарын аударуға тырысуда.