"Жай ғана "галочка": Желіде мектепке жұмысқа тұру туралы қызу талқы басталды

"Жай ғана "галочка": Желіде мектепке жұмысқа тұру туралы қызу талқы басталды

Қазақстанда мұғалім болып мектепке орналасу үшін ақша беру керек деген әңгіме әлеуметтік желіде қайтадан қызу талқыланып жатыр. Бір қызығы, дәл осы мәселе кеше Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпароваға да қойылды, деп жазады Democrat.kz.

Танымал педагог Жанаргүл Сағынбай Шарғабаева Facebook парақшасында мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға қатысты жазбаны бөліскен.

Жазбаға тіркелген скриншотта әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жұмыс іздеген мұғалімге бірнеше мектепке барып, директор немесе оның орынбасарымен тікелей сөйлесуге кеңес береді. Оның сөзінше, кей жағдайда жұмысқа қабылдау үшін белгілі бір «сома» айтылады, ал ақшаға келіссең, құжат бірден қабылданады-мыс.

Автор тіпті:

«НОБД, Еңбек.kz – ол әшейін галочка үшін»,

– деп жазған.

Бұл – әзірге әлеуметтік желідегі адамның мәлімдемесі ғана. Қай мектеп туралы айтылғаны, кімнің ақша сұрағаны көрсетілмеген және бұл дерек ресми органдар тарапынан расталған жоқ.

Алайда жазбаның астындағы пікірлерге қарағанда, мәселені бір адамның сөзімен ғана шектеу қиын.

«Көп директор бос орындарды жарияламай отыр. Жарияласа, тек адамымен алатынына келісіп алады», – деп жазды Мейрамгүл Барқазатқызы.

Тағы бір қолданушы:

«Қай салада да жұмысқа тұру үшін ақша беру керек. Жақсы емес, бұлар қашан тояды?»

– деп пікір қалдырған.

Бауыржан Сүндетқалиев болса, «жемқорлық білім беру ұясынан басталса, мектепте қайдан білім болсын?» деген сауал тастайды.

Ш.Ақпарова: «Мектепке ақша беріп жұмысқа тұруға рұқсат етілмейді»

Бұл пікірлер Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың бір күн бұрын айтқан сөзінен кейін ерекше назар аудартып отыр.

18 тамызда өткен брифингте бірінші вице-министрге мектепке мұғалім болып орналасу кезінде парақорлық пен заңсыз әрекеттер бар деген шағымдарға қатысты арнайы сұрақ қойылған.

Ш.Ақпарова:

«Мектепке ақша беріп жұмысқа тұруға рұқсат етілмейді»,

– деп жауап беріп, мұндай жағдайға тап болған азаматтар тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуі керегін айтты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігіне мұндай мазмұндағы ресми өтініш келіп түспеген.

Бірінші вице-министр мұғалімдерді жұмысқа қабылдау біліктілік талаптары мен кандидаттардың құжаттарын бағалау нәтижесі ескеріле отырып, конкурс арқылы жүргізілетінін де мәлімдеді.

Заң бойынша қалай болуы керек?

Ресми тәртіпке қарасақ, мұғалімді мектеп директорының жеке шешімімен қабылдай салуға болмайды.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді жұмысқа қабылдауға арналған арнайы жүйені Ұлттық білім беру деректер қоры – ҰБДҚ-ға енгізген. Мектептер бос жұмыс орындары туралы мәліметті осы жүйеге орналастыруға міндетті. Мұғалім порталға тіркеліп, бос орындарды көріп, өзі өтінім бере алады.

Министрлік бұл жүйені енгізудегі мақсаттың бірі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту екенін ресми түрде мәлімдеген.

Қолданыстағы қағидалар бойынша да педагогтің бос орнына конкурс өткізіліп, кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігі мен жинаған ұпайы есепке алынады.

Яғни қағаз жүзіндегі тәртіп бойынша мұғалімнің директорға жеке барып, жұмыс орнын «сөйлесіп алуы» немесе ақша беруі деген механизм мүлде болмауы керек.

«3–4 миллион теңге сұрайды» дегендер де болған

Алайда әлеуметтік желідегі қазіргі әңгіме жалғыз осы жазбамен шектелмейді.

5 тамызда Қызылорда облысындағы мектептерге жұмысқа орналасу мәселесі Facebook-та да қызу талқыланған. Бірнеше қолданушы мектепке мұғалім болып кіру үшін 3–4 миллион теңгеге дейін ақша сұрайды деген пікір жазған.

Бір жас маман жаз бойы жұмыс іздеп жүргенін, дипломы мен біліктілігіне қарамастан орын таба алмағанын айтқан. Тағы бір ата-ана баласының дипломы мен сертификаты бола тұра жұмысқа орналаса алмай жүргеніне шағымданған.

Бірақ мұнда да маңызды ескерту бар: аталған мәлімдемелер дәлелденген пара алу фактілері емес. Материал жарияланған кезде Қызылорда облысының білім басқармасы немесе басқа құзырлы орган бұл ақпаратқа ресми түсініктеме бермегенін көрсеткен.

Бұрын жұмысқа алу үшін пара алған директор сотталған

Дегенмен мұғалімді жұмысқа орналастыру үшін ақша алу Қазақстанда бұрын кездеспеген жағдай емес.

2022 жылы Түркістан облысында мектеп директоры ағылшын тілі мұғалімінен жұмысқа орналастыру және қызмет барысында қамқорлық жасау үшін 200 мың теңге пара алды деп танылған. Сот оған 6 миллион теңге айыппұл және мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салу жазасын тағайындаған. Сол кездегі ақпаратта үкімнің әлі заңды күшіне енбегені көрсетілген.

Сондықтан әлеуметтік желідегі қазіргі жазбаларды бірден дәлелденген қылмыс деп жариялау дұрыс емес. Бірақ оларды жай ғана «өсек» деп елемеу де қисынсыз.

Ең қызығы – ресми жүйе бойынша мектептегі бос орын ашық жарияланып, конкурс электронды түрде өтіп, үміткер біліктілігі мен ұпайына қарай таңдалуға тиіс. Ал әлеуметтік желіде азаматтар керісінше, «бос орын жарияланбайды», «алдын ала адам таңдалып қояды», «ақша сұрайды», «НОБД тек формалдық үшін» деген шағым айтып отыр.

Шынар Ақпарова министрлікке мұндай ресми өтініш түспегенін айтты.

Алайда ресми шағымның жоқтығы мәселе мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Өйткені пара сұралды деген адам оны дәлелдеуден, аты-жөнін жария етуден немесе жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылып қалудан қорқуы да ықтимал. Бұл – әзірге тек болжам, бірақ әлеуметтік желідегі ұқсас пікірлердің қайта-қайта көтерілуі мәселені тексеруге негіз бола алады.

Ендігі басты сұрақ басқа: НОБД жүйесі шынымен мұғалімді жұмысқа қабылдаудағы «адам факторын» жойды ма, әлде кейбір мектептер электронды конкурсты айналып өтудің жолын тауып алды ма?

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар