Н.Назарбаевқа қатысты тағы бір норма құжаттан алынып тасталды

Н.Назарбаевқа қатысты тағы бір норма құжаттан алынып тасталды

Қазақстанның Сыртқы саясат тұжырымдамасынан елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тағы бір арнайы норма алынып тасталды, деп хабарлайды Democrat.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 тамызда №1399 Жарлыққа қол қойған. Құжатпен Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жарлық 14 тамыздан бастап күшіне енген. 

Бұған дейін тұжырымдамада Нұрсұлтан Назарбаевтың «тарихи миссиясына» байланысты Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың маңызды мәселелері бойынша бастама көтеріп, өмір бойы үндеу жасау құқығы бар екені жазылған еді. Жаңа редакцияда бұл норма толық алынып тасталды. 

Сонымен бірге Қазақстан сыртқы саясатының негізгі қағидалары жазылған бөлім де өзгерген. Бұрын онда «Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығы» туралы арнайы тармақ болған. Енді Назарбаевтың аты-жөні аталмай, тек «ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы» деген жалпы тұжырым қалдырылған. 

Тағы бір өзгеріс – бұрынғы «Парламент» атауы жаңа конституциялық құрылымға сәйкес «Қазақстан Республикасының Құрылтайы» деп көрсетілген. Құрылтай Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жазылған. 

Азаматтарға қатысты бірқатар тұжырым да нақтыланып, құжатта «Қазақстан Республикасының азаматы» деген атау қолданылған. Сыртқы саясаттың міндеттері қатарында шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесі де жаңартылды. 

Бір маңызды жайт бар. Бұл өзгерісті Назарбаевтың бұрынғы барлық ерекше өкілеттігі тек қазір жойылды деп түсінуге болмайды.

Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс, ішкі және сыртқы саясат пен ел қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер бойынша бастама көтеруге мүмкіндік берген кең ауқымды өмір бойғы құқығы бұрын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда қарастырылған болатын. Алайда аталған заң 2023 жылғы 13 ақпанда күшін жойған.

Сондықтан 14 тамыздағы жаңа жарлықты Назарбаевтың жаңа бір өкілеттіктен айырылуы ғана емес, мемлекеттік стратегиялық құжаттан Елбасы дәуірінен қалған арнайы нормалар мен тікелей сілтемелердің алынып тасталуы деп бағалаған дұрысырақ.

Жаңартылған тұжырымдамада Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы, прагматикалық және белсенді бағыт ретінде сипатталып, басты назар ұлттық мүддені қорғауға аударылған. 

Барлық жаңалықтар