Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі, продюсер Мөлдір Мұқан Қайрат Нұртастың концертінде қыздарымен бірге көңіл көтеріп, секіріп билеген видеосын жариялаған. Алайда бұл көрініс желі қолданушыларының бір бөлігінің ашуын туғызды, деп жазады Democrat.kz.
Мөлдір Мұқан Астанада өткен Қайрат Нұртастың концертіне екі қызымен барған. Желіге тараған кадрларда оның музыкаға елітіп, эмоциясын жасырмай, секіріп билеп жүргені көрінеді.
Алайда оқырмандардың бір бөлігі оның биінің өзінен гөрі, дәл қазір мұндай көңілді видеоны жариялағанын сынға алды. Бұған Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза табуына байланысты елдегі қаралы көңіл күй себеп болған.
«Жеті күні өткенше күтуге болар еді», «Сонша секеңдемесе болмай ма», "Жаназада селкілдеп билеп жүр", «Тым дарақыланып кетті» деген сарындағы пікірлер жазылған. Тіпті кей қолданушылар бұл жағдайды Мөлдір Мұқанның бұрынғы жұбайы Тұрсынбек Қабатовпен байланыстырып, өткір пікір қалдырған.
Сонымен бірге желідегі сын – әлеуметтік желі қолданушыларының жеке пікірі. Мөлдір Мұқанның өзі аталған пікірлерге қатысты әзірге арнайы түсініктеме бергені туралы дерек жоқ.