Мұғалімдер күні қарсаңында әлеуметтік желілерде мектептегі сыйлық пен ақша жинау мәселесі қайта қызды. Пікірлердің бір бөлігі мұғалімдердің өздері ақша сұрамайтынын, керісінше, бастаманы ата-аналар комитетіндегі белсенділер көтеретінін айтып отыр деп жазады Democrat.kz.
Threads желісіндегі талқылауларда көпшілік мектептегі түрлі жинақтардың бәрін бірден мұғалімнің талабымен байланыстыру дұрыс емес екенін жазған.
Бір қолданушы:
«Мұғалім тікелей “керек емес” дейді, бірақ ата-аналар “ұялып отыр, шын мәнінде керек” деп өздері сыйлық ойлап табады», – деп жазған.
Тағы бір пікір иесі ата-аналар комитетіндегі бірнеше белсенді адамның бүкіл сынып атынан шешім қабылдайтынын айтып:
«Бірнеше адам шешеді, келіспегендерге қысым жасалады», – деген.
Пікірлерден байқалған тағы бір құбылыс – ақша көлемінің біртіндеп өсуі.
«Алдымен 1500 теңге дейді, кейін 2000, сосын 2500 болып кетеді. Сауда сияқты», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір ата-ана әр адамнан 3000–4000 теңге жинауды «қалыпты» деп санайтынын айтқан.
«Қымбат сыйлық мұғалімге емес, ата-ананың өзіне керек сияқты»
Желі қолданушыларының біразы мұғалімдерге алтын бұйым, қымбат сертификат, SPA-салонға карта немесе тұрмыстық техника сыйлау бастамасын да сынға алды.
Бір мұғалім әрі ата-ана:
«Гүл сыйлау – жағымды. Бірақ алтын, бриллиант сияқты үлкен сыйлықтар – артық. Мұғалімдер оны жағымпаздық деп қабылдамайды», – деп жазған.
Тағы бір қолданушы:
«Мұғалімдер сыйлықтан байып кеткен жоқ. Оларға ең керегі – дұрыс сынып пен тыныш жүйке», – деген пікір қалдырған.
Ал басқа ата-ана:
«Бір шоқ гүл мен кәмпит жеткілікті», – деп қысқа қайырған.
«Балалар үшін» деген желеумен жиналатын ақша да талқыланды
Пікірлер тек мұғалімге сыйлықпен шектелмеген.
Кей ата-аналар сыныпқа перде, қағаз, сабын, су, жөндеу, тазалық құралдары, теледидар, раковина секілді заттарға да ақша жиналатынын жазған.
Бір қолданушы:
«Мектептің өзін мемлекет қамтамасыз етуі керек. Ата-ана бәрін алып берсе, жүйедегі мәселе көрінбей қалады», – деген.
Екінші тарап керісінше:
«Балалар таза, жайлы сыныпта отырсын дейміз. Мұғалім өз айлығына бәрін алып бере алмайды», – деп ата-аналардың мұндай шығындарын түсіндіруге тырысқан.
Яғни бұл жерде көзқарас екіге бөлінеді: біреулер мектепті материалдық жағынан қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті десе, енді бірі баласының жайлылығы үшін ата-ананың қосымша шығындануын қалыпты көреді.
«Ақша бермесең, жаман ата-ана болып қаласың»
Ең көп сыналған мәселенің бірі – ерікті түрде жиналады делінген ақшаның кейде моральдық қысымға айналуы.
Бір ата-ана:
«Қазір ақшам жоқ деп жазсаң, бірден халық жауы сияқты қарайды», – деген.
Тағы бір қолданушы ата-аналар комитетіндегі белсенділерді қатты сынап, өзгенің ақшасына «жомарттық көрсетуді» доғару керегін айтқан.
Бұған қарсы пікір де бар.
Ата-аналар комитетінің өкілімін деген қолданушы:
«Ешкімді қинамаймыз. Жиналған ақша балаларға керек дүниелерге жұмсалады. Қаласаңыз бересіз, қаламасаңыз бермейсіз», – деп жауап берген.
Мұғалімді айыптамас бұрын, ақшаны кім жинап жатқанын сұрау керек пе?
Осы пікірлердің бәрін біріктіретін бір ортақ ой бар: мектепте ақша жиналды дегенде автоматты түрде мұғалімді кінәлау шындықты толық көрсетпеуі мүмкін.
Кей жағдайда бастаманы шынымен мұғалім көтеруі ықтимал. Бірақ әлеуметтік желідегі осы талқылауда пікір білдірген көптеген ата-ана мен мұғалім керісінше, сыйлық пен жинақты ата-аналардың өздері ұйымдастыратынын айтып отыр.
Сондықтан мәселенің түйіні «мұғалім ақша сұрады ма?» деген бір ғана сауалда емес. Ең алдымен:
Ақша жинауды кім бастады? Оның нақты мақсаты қандай? Қатысу шынымен ерікті ме? Жиналған қаражат қайда жұмсалды?
деген сұрақтарға жауап керек.
Өйткені мұғалімге құрмет көрсету мен бүкіл сыныпты міндетті ақша жинауға тартудың арасы – екі бөлек нәрсе.