ҚР Қорғаныс министрі маңызды мәлімдеме жасады

ҚР Қорғаныс министрі маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанның жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов алғашқы жұмыс кеңесінде армиядағы қауіпсіздік, жауынгерлік даярлық, артық есептілік, заманауи әскери технологиялар мен бюджет шығынына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Министр «әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуге тиіс» деген талап қойды, деп жазады Democrat.kz. 

Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткізген алғашқы кеңесінде армияның нақты жауынгерлік әзірлігін күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, әскери дайындық қазіргі заманғы қақтығыстардың сипатына бейімделіп, практикалық тәжірибеге негізделуге тиіс. 

Министр ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, заманауи барлау және байланыс технологияларын меңгеруге де басымдық берілетінін мәлімдеді. 

Кеңесте сарбаздардың қауіпсіздігі жеке мәселе ретінде көтерілді. Командирлерге әскери бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алу және әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма берілді. 

Тағы бір өзгеріс армиядағы қағазбастылыққа қатысты. Мырзахметов практикалық маңызы жоқ кеңестерді, басы артық әкімшілік рәсімдер мен есептілікті қысқартуды тапсырды. Министрдің айтуынша, босайтын ресурс тікелей жауынгерлік қабілетті арттыруға жұмсалуға тиіс.

Бюджет мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қару-жарақ пен әскери техника сатып алу әскердің нақты қажеттілігіне қарай жүргізіліп, тиімсіз шығындарға жол берілмеуге тиіс. Сонымен қатар қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру тапсырылды. 

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді министр. 

Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі қызметіне 27 қыркүйекте тағайындалды. Оның алғашқы кеңесі Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тауып, Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру басталған кезеңге тұспа-тұс келді. 

Барлық жаңалықтар