Жаназаны саудаға салмай, имамға мұқтаж болмай, өзіміз шығаруымыз керек

Жаназаны саудаға салмай, имамға мұқтаж болмай, өзіміз шығаруымыз керек

Бір имам кісі, анасының жаназасын өзі шығарды. Ойлап қарасам, бұл да бір сауапты іс шығар, мүмкін басқа имамға ақшасын қимағаны болар? Бірақ мені бір сұрақ мазалай береді: неге қазақ баласы өз анасын, өз бауырын, өзі жерлемейді? Жаназа шығару үшін шариғатты терең білетін ғалым болу шарт емес шығар.

Тәкбір айтып, " СубханаакаллаҺмма" дұғасын оқып, пайғамбарға салауат айтып, артынан мейітке арналған дұғаны оқып, соңынан кез-келген білетін қысқа бір дұғаны оқу қиын ба? Аят-сүрелерді білсе, намаздың ретін білсе — жеткілікті емес пе, неге имамдарды соншама пір тұтамыз біздер? Қарапайым ғана жаназа намазы үшін міндетті түрде имам шақырып, оны күтетін әдет қалыптасқан. Сөйтіп, қаншама мұсылман соларға тәуелді болып қалған. Әрбір жаназа — біреудің табысы, әрбір қабір басы — біреудің күнкөріс көзі сияқты. Бір имам – бір ауылдың "құрметтісі", әрі "кормильщигі" -болып алғандай. Жоқтан бар жасап, әр үйдің дастарқанынан дәм татып, тіпті кей ауылдарда өлген адамның басына бір қара байлап жатады, ондай біздің Созақта да бар. Бұл дегеніңіз – имам енді бір сиырлы болды деген сөз. Жарайды, ол да тіршілік, бала-шаға бағу үшін шығар. Бірақ бір ой келеді: неге біз өз жақынымыздың соңғы сапарына өзіміз бас-көз болуға дайын емеспіз? Неге жаназа шығару да біреудің қолына қарап қалған міндет? Неге өз жақынымыздан өзіміз қорқып, соңғы ақтық сапарға шығарып салу сәтін басқа біреуге аманаттаймыз? Мүмкін, діннің кей тұсы халықтан алыстап, рәсімге, дағдыға айналып кеткен шығар? Бірақ түбінде әр адам өз туғанын өз қолымен шығарып сала алатындай білімге, батылдыққа ие болуы керек деп ойлаймын. Жаназа – сауда емес, сауап. Ал сауапты әркім өз қолымен жасағаны абзал болары анық. (Мен діннен кетсем де, дінде жүрген қазақтарыма жаным ашып, шырылдап айтқан өз ойым ғой. "Мұсылманбыз" деп жаһанға жар сала бермей, мұсылман болудың да жөнін біліңіздер. Әркімге жем бола бермейік, айналайын қазағым!) Байкал САИМОВ, қоғам белсендісі. Фото автордың парақшасынан.
Барлық жаңалықтар