Көптен бері көрінбей кеткен саясаткер, бұрынғы оппозиционер Жармахан Тұяқбай қазіргі елдегі мәселелер мен саяси жағдайларға қатысты өз пікірін білдіріп, "Азаттыққа" сұхбат берді деп жазады Democrat.kz.
Жасы сексенге жақындаған саясаткер елдегі жағдайды жіті бақылап отырғанын сұхбатта айтқан сөздерінен анық байқауға болады. Жармахан Тұяқбай кезінде прокурор қызметін де атқарды, кейінірек оппозициялық "Азат" партиясының тең төрағалық қызметін де атқарғаны есте.
Өз пікірінде ол: "Мен сол кездегі биліктің құрамындағы адам болдым. Қызметтен кеткенімде «биліктің жіберген адамы» немесе «бұл қарулы көтеріліс жасап, елде топалаң жасатқысы келеді» деген сияқты әртүрлі әңгіме болды. Бірақ мен сол уақыттағы саяси жағдайға наразылық білдіргеннен кеттім. ...Уақыт өткен соң, сол кезде менімен текетірескен азаматтардың өзі биліктен кеткеннен кейін ...саясаттан өз еркіммен кеттім.
Бүгінгі оппозиция өте әлсіз. Қазіргі кезде шынайы күші, ынтасы бар ұйымдасқан топ бар деп айта алмаймын. Оның басты себебі – халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы. Оның үстіне, халықаралық ахуалды, өзгеріс жасаймыз деп топалаңға тап болған мемлекеттерді көріп, көбі бүгін саясаттан азар да безер болған, саясатқа араласқысы келмейді.
Мен кеткеннен кейін ол партияның не болғанын білемін. Оған қандай күштер келгенін де білемін. Сондықтан мен бүгін оған баға бере алмаймын. Ол партиямен, менің қарым-қатынасым үзілген. Онда жұмыс жасап жатқан азаматтар қаншалық дербес, тәуелсіз әрекет етіп жатыр, оған үлкен күмәнім бар. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы келді. 80-нен асқаннан кейін одан қайбір қоғамдық белсенділікті көруге болады? Денсаулығы да жоқ шығар. Басқа да көптеген мәселелер бар. Оның үстіне қаралы Қаңтар оқиғасы болды. Ол да оның абыройына, елдің оған беретін бағасына үлкен сызат түсірді. Сондай жағдайда ол не жасай алады?
Менің ойымша, [Назарбаевтың] жанында болған тұлғалар әлі де жүр. Олар әлі де белсенділігін көрсетеді деп ойлаймын. Бірақ ол біздің мемлекетке қаншалық керек, оның қауіпсіздігіне қаншалық нұқсан келтіреді, ол жағын келешек көрсетеді",- дейді.