Қазақмыс корпорациясы Ұлытау облысында орналасқан «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздік жүйелерін жаңартуға 2,7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Democrat.kz.
Компания өндірістік қауіп-қатерді азайту үшін жерасты техникаларын автоматты бұғаттау жүйесімен және жаңа желдеткіштермен жабдықтады.
Жақында стратегиялық нысанға арнайы делегация барды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановпен бірге кенішті аралады. Бұл тексеріске Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен де қатысты. Жұмыс тобы өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларымен және енгізіліп жатқан жаңа технологиялармен танысты. Руслан Өскенәлі ауа құрамын бақылау мен желдету жүйесін жақсарту бағытындағы жұмыстарды көрсетті.
Кеніштегі басты өзгерістердің бірі – газ мөлшерін бақылау жүйесінің күшейтілуі. Мұнда стационарлық газ талдағыштар ауа құрамын тәулік бойы қадағалайды. Барлық мәлімет нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа түседі. Жұмысшылар қосымша 130 портативті құрылғыны пайдаланады. Ал жерасты жұмыстарына арналған 62 техникаға арнайы метан-реле орнатылды. Егер метан деңгейі рұқсат етілген шектен асса, бұл датчиктер техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.
Қыркүйек айында компания желдету жабдықтарын жаңартуды жалғастырды. Осы мақсатта Korfmann маркалы үш қондырғы және ВМЭ сериялы алты шахталық желдеткіш сатып алынды. Бұл жобаға 306,9 млн теңге жұмсалды. Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін тағы үш аппарат орнатылмақ. Сонымен қатар өндірістік қазбаларды таза ауамен қамтамасыз ететін үшінші желдету оқпаны салынып жатыр. Ол кеніштің әр учаскесіндегі ауа алмасуды тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.
Қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін цифрлық шешімдер де белсенді қолданылып жатыр. Кәсіпорында төтенше жағдай кезінде жедел хабар беретін және жұмысшылардың орнын анықтайтын жүйе бар. Оны іске қосу үшін ұзындығы 58 шақырымдық сәуле таратқыш кабель тартылды. Ал 2026 жылғы шілдеде тау-кен массивінің жағдайын бақылайтын бірыңғай цифрлық геомеханикалық кешен іске қосылды. Бұл жүйе инженерлік шешімдер қабылдауға қажетті нақты деректерді береді.
Барлық техникалық жаңғырту жұмыстары ғылыми ұйымдардың сүйемелдеуімен өтеді. Олар шахтадағы гидрогеологиялық жағдайларды және газ мөлшерін үнемі зерттеп отырады. Жалпы «Жомарт» кенішіндегі кешенді қауіпсіздік бағдарламасы аясында 45 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта оның 40-ы толық орындалды, ал қалған жұмыстар аяқталу кезеңінде.