Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер процестің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Orda.kz. -ке сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте ІІМ-мен бірлесіп бірқатар жаңа шаралар қаралып, бекітілді.
Негізгі жаңалықтардың бірі — емтиханды ақылы негізде шексіз тапсыру мүмкіндігі енгізіледі. Алайда әр емтихан арасында кемінде 10 күн үзіліс болуы тиіс.
Қазіргі таңда азаматтарға үш тегін мүмкіндік беріледі. Алғашқы екеуі — бір күн аралықпен, үшіншісі — 30 күннен кейін. Осыдан кейін қайта оқудан өту қажет болады.
Сондай-ақ, Астанадағы ұлттық тестілеу орталығы базасында пилоттық жоба іске қосылады. Кейін бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша енгізілуі мүмкін.
Қосымша түрде тесттердің тиімділігін бағалау үшін психометриялық зерттеулер жүргізіледі.Тағы бір маңызды өзгеріс — жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Сонымен қатар, цифрлық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі күшейтіледі.
Емтихан тапсыру кезінде заң бұзғандарға да жаза қарастырылған. Мысалы, тыйым салынған құрылғыларды қолданғандар бір жылға дейін емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.
Авто-мектептерге қойылатын талаптар да қатаңдатылады. Олардың жұмысы жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікірлері негізінде бағаланады. Болашақта лицензиялау енгізіліп, сапасы төмен мекемелер лицензиясынан айырылуы мүмкін.