"Жындыханада жасырын түсірілген": Адам жегіш Жұмағалиевтің сұмдық видеосы тарады

"Жындыханада жасырын түсірілген": Адам жегіш Жұмағалиевтің сұмдық видеосы тарады

Orda.kz редакциясының қолына жабық психиатриялық мекемеде түсірілген делінетін бейнежазбаның үзіндісі түскен. Кадрда көпшілікке «Темір азу» деген лақап атпен белгілі Николай Жұмағалиевке ұқсайтын адам палатада екінші ер адаммен сөйлесіп отырады деп жазады Democrat.kz.

Редакция мәліметінше, видео Алматы облысы Талғар ауданының Ақтас ауылында орналасқан, науқастар қатаң бақылауда ұсталатын республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханада түсірілген болуы мүмкін.

Жазбадағы адам журналистерге сұхбат беруге құлықсыз екенін айтады. Әңгіме мазмұнына қарағанда, ол мекеме әкімшілігінің реакциясынан және баспасөзбен сөйлескеннен кейін туындауы ықтимал салдардан қауіптенеді.

Сұхбат барысында Джұмағалиевтің өмірбаянындағы кейбір оқиғалар, оның ұсталу жағдайы, тергеу мен жауап алу барысы және жабық емдеу мекемесіне қалай түскені сөз болады. Сонымен қатар әңгімелесушілер пациенттердің құқықтары, дәрі-дәрмек қолдану, мәжбүрлеп емдеу және психиатриялық көмек көрсету жүйесі туралы пікір алмасқан.

Видеода ауруханадағы тұрмыс жағдайына қатысты да сын айтылады. Атап айтқанда, ескі жиһаз, палаталардың тарлығы, науқастардың мекеме ішінде еркін жүріп-тұруына қойылатын шектеулер және тамақтану сапасы талқыланған.

Алайда әлеуметтік желіде өзін осы ауруханада бұрын жұмыс істеген адам ретінде таныстырған қолданушы мекемедегі тамақтану жағдайы нашар деген пікірмен келіспейтінін жазды. Оның айтуынша, пациенттерге күн сайын ет тағамдары, жұмыртқа, сары май, табиғи шырындар мен жеміс-жидек беріледі. Дегенмен бұл пікір де ресми дерекпен расталған жоқ.

Orda.kz бейнежазбада айтылған мәлімдемелердің дұрыстығын тәуелсіз түрде тексере алмағанын ерекше атап өтті. Жазбаның кей тұстарында дыбыс нашар естіліп, әңгіменің бір бөлігі түсініксіз қалған.

Редакция Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдап, Ақтастағы мамандандырылған психиатриялық ауруханада пациенттер қандай жағдайда ұсталатынын, олардың құқықтарының сақталуын және бейнежазбаның қалай түсірілгенін түсіндіруді сұраған. Материал жарияланған сәтте министрліктен жауап келмеген.

Николай Жұмағалиев ұзақ жылдан бері жабық психиатриялық мекемеде ем қабылдап келеді. Сондықтан оның денсаулық жағдайы мен емдеу тәртібіне қатысты ақпарат заңмен қорғалатын медициналық дерек саналады. Ал бейнежазбадағы адамның шынында Джумағалиев екені және айтылған шағымдардың шындыққа қаншалықты сәйкес келетіні ресми органдардың жауабынан кейін ғана нақтылануы мүмкін.

Барлық жаңалықтар