Каспийдегі қайғылы оқиғада қаза болған сарбаздардың жақындары балаларының қандай жағдайда көз жұмғанын ашық түсіндіруді талап етіп отыр. Олар қаралы хабардың қалай жеткенін, жауапсыз қалған сұрақтарын және сарбаздардың әскерден оралғаннан кейінгі орындалмай қалған жоспарларын айтты деп жазады Democrat.kz.
Қаза болған сарбаз Олжас Диханбаевтың жақындарының айтуынша, отбасы қайғылы жағдай туралы алғашында ресми орындардан емес, туыстарынан естіген.
Олжастың әпкесі Жанардың сөзінше, қаралы хабар жеткенше ата-анасына ресми ақпарат берілмеген. Кейін отбасы мәйітханаға барып, сарбаздың денесін өздері алып кеткен.
Жанар інісінің әскерден аман-есен оралуын отбасы асыға күткенін айтады. Тіпті оны күтіп алуға арнайы дайындалып, үйде той жасау жоспары да болған.
Алайда сол қуаныштың орнына қаралы үйге айналған.
Марқұмның жақыны әскери тараптан алғашқы күндері отбасыға нақты көмек немесе түсіндіру болмағанын айтып, ең бастысы материалдық жәрдем емес, балаларының не себепті және қандай жағдайда көз жұмғанын білгісі келетінін жеткізген.
Оның сөзінше, отбасы тиісті органдардан оқиғаның барлық мән-жайын ашық айтуды және жауапты адамдар болса, олардың жауапқа тартылуын талап етпек.
Олжастың жасы небәрі 20-ға да толмаған. Желтоқсанда 20 жасқа толуы тиіс еді. Жақындары оны ақкөңіл, тыныш, тәртіпті жігіт ретінде еске алады.
«Әскерден келген соң үйленеміз деп жоспарлаған»
Қайғылы оқиғада қаза болған тағы бір сарбаз Мейрамбек Бердіханның да алда үлкен жоспарлары болған.
Оны жақын таныған қыздың айтуынша, Мейрамбек әскерден оралған соң екеуінің болашағы туралы жиі әңгімелескен. Үйленуді де жоспарлап, алдағы өмірге қатысты армандарымен бөліскен.
Ол спортпен айналысқан, айналасына жанашыр, ата-анасын ерекше құрметтеген жігіт болған.
Жақындарының сөзінше, Мейрамбек әскерден оралатын күнін асыға күтіп, болашаққа байланысты түрлі жоспар құрған. Бірақ олардың соңғы әңгімесі соңғы қоштасуға айналарын ешкім білген жоқ.