"Каспи қасіреті"": Аман қалған сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді

"Каспи қасіреті"": Аман қалған сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш сарбаздың бірі — Атырау облысынан шақырылған 19 жастағы Бекет Мырзағалиев. Анасының айтуынша, ол ауруханаға жатқызылмаған, қазір өзін жақсы сезініп жүр және оқиға кезінде жағаға өз күшімен жеткен, деп жазады Democrat.kz.

Бекет Мырзағалиев Атырау облысының Махамбет ауылынан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке шақырылып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген.

Қайғылы оқиға туралы хабар тараған алғашқы сағаттарда ақпарат тым аз болған. Туыстары Бекеттің аман қалғанын білгенімен, оны ауруханаға жеткізді деп ойлаған.

Алайда отбасы Ақтауға келіп, сарбазбен кездескеннен кейін оның ауруханаға жатқызылмағанын білген.

Бекеттің анасы Қарлығаш Мырзағалиеваның сөзінше, ұлының жағдайы жақсы.

«Құдайға шүкір, балам тірі. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Дені сау, өзі жүріп жүр. Ұлым өз күшімен жағаға жеткен. Қалған мәліметтер, менің ойымша, тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады», — деді ол.

Сарбаздың анасы баласының және өзге де аман қалған жігіттердің басынан өткерген жағдайы олардың жадында ұзақ сақталатынын айтты.

«Балаларымыз әлі тым жас. Олардың бастан өткергені өмір бойы жадында қалады», — деді Қарлығаш Мырзағалиева.

Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына да көңіл айтты.

«Бұл — бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қасірет. Қазір ата-аналардың не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза болған жігіттердің аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Енді ешкім мұндай жағдайды бастан өткермесін», — деді сарбаздың анасы.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайдан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы қазір тергеу аясында анықталып жатыр.

Барлық жаңалықтар