"Каспи қасіреті": Қорғаныс министрі маңызды мәлімдеме жасады

"Каспи қасіреті": Қорғаныс министрі маңызды мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, оқиғаға кінәлі тұлғалар анықталған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Министр Жалпыұлттық аза тұту күні қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің жеке құрамы атынан көңіл айтты.

Ол қоғам тарапынан қойылып отырған сауалдар мен талаптардың түсінікті екенін атап өтіп, Қорғаныс министрлігі болған оқиға үшін жауапкершіліктен жалтармайтынын жеткізді.

«Ата-аналардың өз ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз», – деді Дәурен Қосанов.

Министрдің айтуынша, қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері жан-жақты анықталып жатыр.

Ол тергеу қорытындысы бойынша кінәсі дәлелденген тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты.

«Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз, оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз», – деді министр.

Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен қоғам алдындағы міндетін толық түсінетінін де атап өтті.

«Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деді Қорғаныс министрі.

 
 
Барлық жаңалықтар