"Қазіргі мұғалім балаға сабақ түсіндіре алмайды": Желіде ата-аналар мұғалімді, мұғалімдер ата-ананы кіналап, дауласуда

"Қазіргі мұғалім балаға сабақ түсіндіре алмайды": Желіде ата-аналар мұғалімді, мұғалімдер ата-ананы кіналап, дауласуда

«Қазіргі мұғалімдер сабақты түсіндірмейді», «45 минутта бәріне үлгеру мүмкін емес», «үйде ата-ана баласының оқуын қадағаламайды» деген пікірлер әлеуметтік желіде үлкен дауға ұласты. Бір тарап білім сапасының төмендеуіне мұғалімді кінәласа, екінші тарап мәселені ата-ананың жауапкершілігі мен білім беру жүйесінен іздейді, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде мектептегі білім сапасы мен мұғалімнің міндетіне қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Даудың басталуына «қазіргі кезде ешқандай мұғалім балаға дұрыс сабақ өтпейді, сабақты түсіндірмей, тақырыпты беріп қояды» деген мазмұндағы жазба себеп болған.

Жазба авторы бүгінгі мұғалімдерді бұрынғы кеңестік кезеңдегі ұстаздармен салыстырып:

«Оқыса өзі үшін оқысын. Маған келіп кетер пайдасы жоқ, не қылам бұларды оқытып дегендей отыра береді. Сабақты түсіндірмей, тек тақырыпты беріп, үйде өздерің ізденіп келесіңдер дейді. Бұрынғы СССР мұғалімдеріне ұқсаған, қасына келіп, түсінбегенше сол тақырыпты түсіндіріп жүретін мұғалім жоқ», – деп жазған.

Бұл пікір жүздеген адамның талқысына түсіп, мұғалімдер де үнсіз қалмады.

Бір ұстаз әр сабақта жаңа тақырыпты міндетті түрде түсіндіретінін, тапсырма орындау барысында да оқушыға қайта-қайта бағыт беретінін жазған. Алайда оның сөзінше, мұғалім қанша түсіндіргенімен, бала үйде сабақты қайталамаса, нәтиже төмендейді.

«Әр сабағымда 15 минут міндетті түрде түсіндіремін. Ары қарай тапсырмалар беру, орындау барысында тағы түсіндіріп жүремін. Сосын баладан берген білімді талап етемін. Бірақ сол бала соны қайталамайды ғой. Сосын бағасын түсіремін. Соңында анасы шығып, WhatsApp-та аузына келгенін айтады. Осыдан кейін мұғалімді несіне кінәлайсыз!» – дейді ол.

Тағы бір мұғалім бүгінгі мектеп бағдарламасының тым тығыз екенін алға тартты. Оның пікірінше, ұстазға берілген жоспардан ауытқуға мүмкіндік жоқ.

«Мұғалім емес, жүйе нашар. Біреуді кінәламас бұрын анықтап алыңыз. Бүгін бір грамматиканы, ертең бір грамматиканы берген. Әрине, осыдан кейін бала түсінбей қалуы мүмкін. Мұғалімге жоспардан ауытқуға мүлде болмайды», – деп жазды желі қолданушысы.

Пікірталаста мұғалім еңбегінің қазіргі жағдайда күрделенгенін айтқандар да көп.

Бір ұстаз бастауыш сыныпта сабақты қызықты өткізу үшін өз қаражатына түрлі көрнекілік, ойын, жұмыс парақтарын дайындайтынын жазған. Алайда кей балалардың сабаққа мүлде дайындықсыз келетінін жасырмады.

«Слайд, ойын, жұмыс парағын шығарып апарамын. Тіпті түрлі түсті принтер де сатып алдым. Бірақ кейде оқушылардың тәртібі жоқ, ауызым құрғағанша түсіндіремін, құлағын да аспайды, кітабының қандай екенін де білмейді», – дейді мұғалім.

Тағы бір пікірде ұстаздарға қойылатын талап пен ата-ананың талабы қатар артқаны айтылады.

«Үй тапсырмасын тақтаға бір жазып шаршағанда, кешке ата-аналар чаты не балалар жекеге шығып “үйге не берді?” деп жүз хабарлама жазады. Қазір нөміріміз әркімнің қолында, уақытқа қарамай сабақ, баға сұрай береді», – деген пікір де қолдау жинаған.

Ал кейбір желі қолданушылары мәселенің екінші жағына назар аударды. Олардың айтуынша, мұғалімді толық кінәлау дұрыс емес, өйткені баланың оқуына ата-ана да жауапты.

«Үйде ата-анасы қадағаламаса, мұғалім бір 45 минутта не үлгереді? Үйлеріңізде балаларыңыздың сабағын қарап, қадағалаңыздар. Болашақ оқығандікі», – деп жазған қолданушы.

Тағы бір ұстаз баланы мектепке жіберумен ата-ананың міндеті бітпейтінін айтып:

«Ата-ананың тарапынан да оқушыдан “бүгін қандай тақырып өттің, не үйрендің, не білесің?” деген сұрақ болуы керек. Мұғалімге тіл тигізіп, сұрау алуға құмарсыздар ғой. Сол сияқты балаларыңыздың да мектептегі тәртібі мен оқуын қадағалаңыздар», – деген.

Дегенмен ұстаздарды сынаған пікірлер де аз емес.

Кей ата-аналар мұғалімдердің барлығын бірдей ақтауға болмайтынын, шынында да сабақты формалды түрде өткізіп, жаңа тақырыпты толық түсіндірмейтін педагогтер бар екенін айтады.

Бір пікір иесі:

«“Ешқандай” деген сөз қате. Бес саусақ бірдей емес. Бар шығар сондай ұстаздар. Бірақ баланың қиналғанын көрсең, мұғалім де жауапкершілік алуы керек», – деп жазған.

Басқа қолданушылар «мұғалімнің 45 минуттық сабағына бір рет кіріп көріңдер» деп, ата-аналарды ұстаз еңбегін ішінен көруге шақырды.

«Мықты болсаң, бір күн емес, мұғалімнің бір апта сабағын беріп көрші. Сонда қалай сайрайтыныңды көреміз», – деген пікір де жүздеген реакция жинаған.

Пікірталаста кеңестік мектепті үлгі еткендер де, оған қарсылық білдіргендер де бар.

Бір тарап «бұрын мұғалім түсінбеген баланы қалдырып, қайта түсіндіретін» десе, екінші тарап кеңестік кезеңді идеалдандыруға болмайтынын алға тартты.

«СССР кезіндегі мұғалімді қаласаңыз, сол кездегі мұғалім қойған талапқа да көну керек. Ұрысса, шағымданбайсыз, “баламның психикасына әсер етті” демейсіз. Ал қазір бәрі өзгерді», – деген жазба жарияланған.

Тағы бір пікірде бұрынғы мұғалімнің қаталдығы да еске алынды:

«СССР айтсаңыз, ол кездегі буллингтің көкесі болған. Мұғалім балаларды ұратын. Сондықтан ол кезеңнің бәрі жақсы болды деу дұрыс емес», – деп жазды желі қолданушысы.

Осылайша әлеуметтік желідегі пікірталас бір ғана «жақсы мұғалім – жаман мұғалім» мәселесінен асып, қазіргі мектептегі үш тараптың — мұғалім, оқушы және ата-ананың жауапкершілігі, сондай-ақ оқу бағдарламасының ауырлығы мен білім беру жүйесінің талаптары туралы үлкен дауға айналды.

Барлық жаңалықтар