"Каспи қасіреті": Марқұм сарбаз туралы жұрт білмейтін естеліктер мәлім болды

"Каспи қасіреті": Марқұм сарбаз туралы жұрт білмейтін естеліктер мәлім болды

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Өмірбек Өмірболатұлын мектептегі ұстаздары тәрбиелі, өнерге жақын, белсенді шәкірт ретінде еске алды. Сынып жетекшісінің айтуынша, сарбаздың әскерден үйіне оралуына небәрі тоғыз күн қалған, деп жазады Democrat.kz.

Өмірбек Өмірболатұлы туралы естелігін оның ұстазы Айдана Ғаббасова бөлісті. Педагог шәкіртінің мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ сабырлы мінезімен, тәрбиелілігімен және өнерге қызығушылығымен ерекшеленгенін айтады.

«Көз алдыма мектеп қабырғасында жүрген жуас мінезді, ақкөңіл, тәрбиелі баланың бейнесі қайта-қайта келе береді. Оқушы кезінен Махамбет пен Мағжанның өлеңдерін ерекше ықыласпен, мәнеріне келтіріп оқитын. Байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны әлі күнге дейін есімде», – дейді ұстазы.

Айдана Ғаббасова шәкіртінің сахнаға шыққан сәттері мен өнерге деген құштарлығы ұстаздық жадында мәңгі қалатынын жеткізді.

Сынып жетекшісінің сөзінше, Өмірбек бір ғана мәнерлеп оқумен шектелмеген. Ол гитара шертіп, сурет салып, түрлі шығармашылық шараларға белсене қатысқан.

Ұстазы оның отбасы үшін де ерекше орын алғанын айтады.

«Әулетінің тұңғыш немересі, әжесінің бауырында өскен ардақты перзент еді. Атасы Өмірзақ – Ауғанстан соғысының ардагері. Осындай үлкен әулеттің үкілеген үміті, әжесінің аялап өсірген немересі еді», – дейді педагог.

Сынып жетекшісі үшін ең ауыр деректің бірі — Өмірбектің әскерден оралуына санаулы күн қалғаны болған.

«Ұстаз үшін әр шәкірттің орны бөлек. Ал өмірден тым ерте кеткен шәкірттің бейнесі көңілде тіпті ерекше сақталады екен. “Үйіне оралуына небәрі 9 күн қалған еді” дегенді есту тіпті ауыр», – деді ол.

Өмірбек Өмірболатұлының қазасы оның отбасы мен жақындарына ғана емес, кезінде білім берген ұстаздарына да ауыр тиген. Мектеп қабырғасында өнерімен, тәрбиесімен есте қалған шәкірттің есімі ұстаздарының жадында сақталмақ.

Барлық жаңалықтар