Әлеуметтік желіде мұғалімдерге қатысты жазба қызу пікірталас туғызды. Автор ата-аналарды Мұғалімдер күні қарсаңында ақша жинамауға шақырып, ұстаздардың табысы туралы да өткір пікір айтқан. Бұл сөзге мұғалімдер де, ата-аналар да қарсы уәж келтіріп, әлеуметтік желіде үлкен дау басталды, деп жазады Democrat.kz.
«Алда Мұғалімдер күні келе жатыр. Қайыршы құсап ақша жинауларыңды қойыңдар. Мұғалімдердің бір жеріне кірмей-ақ қойыңдар, олардың айлықтары сендерден жақсы», — деп жазған mari.ko2554.
Жазбада ата-аналарға ақша жинамай, мектепке «сабынсыз кірмеу» керектігі айтылып, мұғалімдерге енді гүл де беруге болмайды деген пікір де қосылған.
Алайда бұл сөздер әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігінің наразылығын туғызды.
Бір мұғалім өзінің үш жылдық тәжірибесі бола тұра айлығы 250 мың теңгеге де жетпейтінін жазып:
«Қай мұғалім маған ақша жинап, сыйлық бер деді? Өз еркің ғой. Өз өміріңе ашуланып, мұғалімге тиісудің не қажеті бар?» — деп жауап берген.
Тағы бір жас педагог ағылшын тілі пәнінің мұғалімі екенін, бір жылдық еңбек өтілі барын және айына 160 мың теңге алатынын жазды.
«Көп ақша алады деп ойлау — қате», — деді ол.
Пікірталаста мұғалімдерді жақтағандар да аз болмады. Кейбір қолданушылар ұстаз еңбегінің ауыр екенін айтып, «мұғалімді түсінбейтіндерді бір күнге мұғалім қылып қою керек» деген ұсыныс білдірген.
Тағы бір желі қолданушысы:
«Мұғалімдер күні кім үшін сонда? Жылына бір рет ұстазымызға алғыс айтып, аз да болса сыйлық берсек не болады? Ол болмаса мемлекет өз атынан премия берсін», — деп жазды.
Басқа пікірлерде де ата-аналардың сыйлық беруге міндетті емес екені, бірақ ықыласпен жасалған сыйлықты «қайыр сұрау» деп бағалауға болмайтыны айтылған.
Сонымен қатар пікірталас барысында мұғалімдердің өздері де ата-аналардан ақша жинауды талап етпейтінін жазды.
«Ақша жинағыштарға қатты айтып тұр. Мұғалімді жамандамады», — деген пікір де болды.
Ал тағы бір қолданушы:
«Мұғалімдердің бір жеріне кірмей, олардың ақшасы сендерден көп деу — дұрыс емес. Бұл сөзді мәдениетті түрде жеткізуге болатын еді», — деп жазды.
Осылайша бір ғана жазба Мұғалімдер күні қарсаңындағы сыйлық, ақша жинау, ұстаздардың жалақысы мен ата-аналардың міндеті туралы ескі дауды қайта қозғады. Әлеуметтік желідегі пікірлерден байқалғаны — бір тарап мәжбүрлі ақша жинауға қарсы болса, екінші тарап мұғалімге ерікті түрде алғыс білдірудің өзін айыптауға болмайтынын алға тартып отыр.