"Каспи қасіреті": Марқұм үш сарбазға қатысты жаңа деректер шықты

"Каспи қасіреті": Марқұм үш сарбазға қатысты жаңа деректер шықты

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының үш сарбазы — Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы әскери рейспен Оралға жеткізілді. Үшеуінің де әскери қызметін аяқтап, үйлеріне оралуына небәрі сегіз күн қалған, деп жазады Democrat.kz.

25 қыркүйек таңертең Орал әуежайына Маңғыстаудағы қайғылы оқиғада қаза тапқан үш батысқазақстандық әскери қызметшінің денесі жеткізілді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу мен жерлеу рәсімдері 26 қыркүйекте өтеді.

Жеңіс Темірғалиев Бөрлі ауданының Ақсай қаласынан әскери қызметке аттанған. Ақжайық Ғилаж — Казталов ауданының Қараоба ауылының тумасы. Ал Өмірбек Өмірзақ Бәйтерек ауданында тұрған. Үшеуі де мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жас сарбаздар еді.

Марқұмдардың денесін туған жерлеріне әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері жеткізген. Сарбаздардың үйлеріне туыстары, достары мен жерлестері жиналып, отбасыларына көңіл айтуда.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Арман Сатқановтың мәліметінше, қаза тапқан сарбаздардың әскери қызмет мерзімі аяқталуға таяп қалған. Олардың үйлеріне қайтуына небәрі сегіз күн қалып, жол билеттері де алдын ала алынған.

Сарбаздар Әскери-теңіз базасының теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальоны құрамында қызмет еткен. Оқу-жаттығу бағдарламасында теңіз десантын жағалауға түсіру кезеңі болған. Оның сөзінше, оқу-жаттығуға дейін жеке құраммен екі рет дайындық өткізілген.

Алайда тапсырма орындалған күні теңізде толқын көтеріліп, жағдай күрт өзгерген. Қазір оқиғаның нақты себептері мен қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталғаны мемлекеттік комиссия мен тергеу аясында анықталып жатыр.

Өмірбек Өмірзақтың әкесі Өмірболат Өмірзақұлы ұлын 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шығарып салғанын айтқан. Отбасы оны бірнеше күннен кейін қарсы алуға дайындалып жүрген.

«Сарбаз ретінде қызметін жақсы атқарып жүрді. Өзі сабырлы бала еді. Құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандайтын. Өмірбек отбасымыздағы үлкен ұл болатын. Артында 18 жастағы Арсен деген бауыры қалды», — деді марқұмның әкесі.

Ресми мәлімет бойынша, 24 қыркүйекте Каспийдегі оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты. 25 қыркүйекте соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылғаннан кейін іздеу-құтқару операциясы аяқталды.

Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Барлық жаңалықтар