Шымкентте «Сабыржан» лақап атымен танымал 36 жастағы асаба есірткінің заңсыз айналымына қатысты күдікпен полицияға жеткізілді. Тінту барысында оның қонақүй бөлмесінен ұнтақ тәрізді зат пен өсімдік тектес өнім табылған. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Полиция мәліметінше, күдікке ілінген ер адам қонақүй бөлмесінде болған кезде тәртіп сақшылары тінту жүргізген.
Тексеру барысында бөлмеден ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған полимер пакет және өсімдік тектес зат табылып, тәркіленген.
Күдікті өз түсініктемесінде тәркіленген заттардың мефедрон және «мак» деп аталатын өнім екенін айтып, оларды жеке қолдану мақсатында сатып алғанын мәлімдеген. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми сараптамамен расталған жоқ. Заттардың нақты құрамы мен мөлшері сараптама нәтижесінде анықталмақ.
Полиция қонақүй бөлмесінде ер адаммен бірге интимдік қызмет көрсетеді деген болжам жасалған әйелдің де болғанын хабарлаған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, «Сабыржан» лақап атымен танымал асаба негізінен халал форматтағы тойлар мен отырыстарды жүргізуімен көпшілікке танылған.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін дәлелденген болып саналмайды.
Еске салып өтейік, осыған дейін "Супер тамадаға" қатысты бірнеше рет жағымсыз жаңалықтар шыққан болатын.