Маңғыстау облысының Баянды ауылында тұратын, әскери қызмет кезінде қаза тапқан Алмас Көбеновтің отбасының ауыр жағдайы белгілі болды. Белсенді Азамат Сәрсенбаевтың сөзінше, марқұм сарбаздың анасы қатерлі ісіктің екінші сатысымен күресіп, химиотерапия қабылдап жүр, деп жазады Democrat.kz.
Белсенді Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі жазбасында Көбеновтер отбасының тұрмыстық жағдайы мен басындағы ауыр қайғы туралы баяндаған.
Оның мәліметінше, отбасында бес бала бар. Әскери борышын өтеп жүрген кенже ұл — Алмас Көбенов қайғылы жағдайда қаза тапқан. Оның екі ағасы да бұған дейін әскер қатарында қызмет еткен.
Алмастың анасы Меруерт Дүйсенбаева ішек қатерлі ісігіне байланысты ем қабылдап жүр. Ал әкесі Жүсіп Оразалиев науқас жұбайының қасынан табылып, күтім жасауға мәжбүр болғандықтан тұрақты жұмыс істей алмай отырғаны айтылады.
Белсенді отбасының сөзін былай жеткізген:
«Ұлымның қазасы болған күні анасы онкологиялық ауруына байланысты ем қабылдауы керек еді. Алайда қайғылы жағдайға байланысты емін үйде өтуге тура келді».
Отбасының үлкен ұлы Қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек етеді. Ал ортаншы ұлы нәпақа табу үшін Ақтөбе облысына кеткен. Ата-анасы оның Маңғыстауға оралып, туған жерден жұмыс табуын қалайтынын айтқан.
Сәрсенбаевтың жазуынша, жергілікті билік Алмасты жерлеуге байланысты шығындарға материалдық көмек көрсеткен.
Алайда отбасының банктегі есепшоттары несиенің мерзімі өткен төлемдеріне байланысты бұғатталғаны айтылып отыр. Сол себепті оларға тікелей қаржылай көмек жинауға арналған банк деректемелері де әзірге жоқ.
Белсенді қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет тарапынан берілетін көмектің толық жетуі маңызды екенін атап өткен.
«Бәріміз үшін қазір маңыздысы — Президент жариялаған өтемақының қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына толық көлемде берілуі. Бұл ең болмаса осы отбасыға қолдау болар еді», — деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Ресми мәлімет бойынша, Мемлекет басшысы Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін Үкіметтік комиссияға қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырған. Қорғаныс министрлігі де олардың отбасыларына материалдық және психологиялық қолдау көрсетілетінін хабарлады.