«Күйеу емес, балалы әйел іздеймін»: Қазақстандық әйелдер арасында жаңа құбылыс пайда болды

«Күйеу емес, балалы әйел іздеймін»: Қазақстандық әйелдер арасында жаңа құбылыс пайда болды

Қазақстандық әлеуметтік желілерде баласымен жалғыз қалған әйелдердің басқа әйелмен бір үйде тұрып, пәтерақыны, тұрмысты және бала күтімін бөлісуге серіктес іздеген хабарландырулары көбейген. Желі қолданушылары мұндай өмір сүру тәсілін «Бостон некесі» деп атап жүр, деп жазады Democrat.kz.

«Қасыма балалы әйел іздеймін».

«Пәтерақыны бірге төлейміз».

«Балаларға кезектесіп қараймыз».

Соңғы уақытта Threads желісінде осындай мазмұндағы хабарландырулар көзге түсе бастаған.

Мұндағы әңгіме романтикалық қатынас туралы емес.

Көбіне ажырасқан немесе баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер бір баспанада бірге тұрып, күнделікті тіршіліктің ауыртпалығын бөлісетін адам іздейді.

Мысалы, Алматыдағы хабарландырулардың бірінде әйел Таулы Гигант ауданындағы шамамен 500 мың теңгелік пәтерде өзімен бірге тұратын балалы әйел іздеген.

Ол азық-түлік шығынын бөлісуге немесе өзі төлеуге дайын екенін көрсеткен. Есесіне үй шаруасын және балаларға қарауды бөлісуді ұсынған.

Астанада жарияланған тағы бір жазбада үш баласы бар ажырасқан әйел пәтерақыны бөліп төлеп, бір-біріне бала тәрбиесінде көмектесетін әйел іздейтінін жазған.

Тағы бір 27 жастағы әйел бес жасар қызымен тұратынын айтып, қасына балалы әйел іздеген.

Осы құбылысқа байланысты өз тәжірибесін айтқан алматылық әйелдің оқиғасы да назар аударарлық.

Ол күйеуімен ажырасқаннан кейін қызымен жалғыз қалып, баспана мәселесіне тап болған. Сол кезеңдегі 220 мың теңге жалақысы Алматыдағы пәтер жалдау ақысына жуық болғанын айтқан.

Ақырында баласы бар басқа әйелмен бірге тұра бастаған.

Екі әйел кезектесіп тамақ әзірлеп, балаларға бірге қарап, күнделікті шығын мен міндеттерді бөліскен.

Әлеуметтік желіде мұндай модельді «Бостон некесі» деп атағанымен, жарияланған хабарландырулардың мазмұнына қарағанда, әйелдер бірінші кезекте баспана, қаржы және бала күтімі мәселесін бірігіп шешудің жолын іздеп жүр.

 

Барлық жаңалықтар