Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан халқы Қазақстанның азасына ортақ екенін түрлі жолмен білдіріп жатыр. Белгілі әнші Роза Зергерлі үлкен концертін қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады деп жазады Democrat.kz.
Әзербайжандық әнші Роза Зергерлі Ресейде өткен концертінде Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілерге құрмет көрсетті.
Өнер иесі сахнада көрермендермен бірге бір минут үнсіздік жариялап, қазақ халқына көңіл айтты. Кейін сол сәттің видеосын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Роза Зергерлі бұл әрекетін қаза тапқан жас сарбаздардың рухына тағзым әрі Қазақстан халқының қайғысына ортақтасу деп сипаттады.
Қырғыз ақыны Нұрсұлтан Малдыбаев Қазақстан халқының қайғысына ортақтасып, қаза болған сарбаздардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ақын комуздың сүйемелдеуімен арнайы жоқтау орындап, туындысында ауыр қазаға ұшыраған отбасыларға қолдау білдірді.
Қырғыз ақпарат құралдарының жазуынша, Нұрсұлтан Малдыбаев бұл қайғыны тек Қазақстанның ғана емес, екі бауырлас халыққа ортақ қасірет ретінде қабылдаған. Оның орындауындағы «Көңүл айтуу» шығармасы қаза болған әскери қызметшілердің рухына тағзым әрі қазақ халқына білдірілген қолдау ретінде ұсынылған.
Дәл осындай көңіл айту жырын бауырлас өзбек халқының ақындары да жолдап, қаралы күнде көршілес бауырына сөзбен демеу болуда.
Ал түрік футболшылары қайғылы оқиға болған күні алаңға шыққан сәттерінде қолдарына қара мата байлап "қазақтың қайғысы - біздің қайғымыз" деп, өздерінің көңіл айтуларын осылай білдірді.