Кен өндіруден терең өңдеуге: Қазақстанның мыс саласы үшін стратегиялық таңдау

Кен өндіруден терең өңдеуге: Қазақстанның мыс саласы үшін стратегиялық таңдау

Қазақстан мыс өндірісін ұлғайтумен шектелмей, металды терең өңдеп, дайын өнім шығаруды дамытуы керек. Қазақстандық ғалым, PhD докторы Өмірсерік Байгенженов Facebook парақшасында осы ұстанымын түсіндіріп, Балқашта салынатын жаңа мыс балқыту зауытының маңызына тоқталды, деп хабарлайды Democrat.kz.

Оның пікірінше, ел ішінде мысты өңдеу тізбегін кеңейту саланың технологиялық және экономикалық мүмкіндігін арттырады.

«2025 жылы Қазақстан шамамен 1,42 млн тонна мыс кені мен концентратын экспорттады. Бұл – бұдан кейінгі металлургиялық өңдеуі елден тыс жерде жүретін қомақты шикізат көлемі», – деп жазды ғалым.

Ол Қазақстан Президентінің 2025 жылғы Жолдауында тау-кен металлургия кешені ел экономикасының шамамен 8%-ын құрайтыны айтылғанын еске салды. Жолдауда саланың өсу мүмкіндігі өңдеу деңгейі жоғары өнім шығарумен байланысты екені де көрсетілген. Байгенженов бұл мәселені әсіресе мыс саласы үшін өзекті санайды.

«Қазақстанның шикізат қоры мол, ірі әрі заманауи тау-кен байыту кәсіпорындары бар. Алайда соңғы онжылдықтарда кен өндіру мен байытудың дамуы және металлургиялық өңдеу арасында белгілі бір теңгерімсіздік қалыптасты», – деп түсіндірді профессор.

Ол Балқаш мыс балқыту зауытында алғашқы қара мыс 1938 жылы алынғанын, ал Жезқазған мыс балқыту зауыты 1971 жылы іске қосылғанын келтірді. Содан бері кәсіпорындар бірнеше рет жаңғыртылған. Дегенмен ғалым жаңа, заманауи металлургиялық қуаттарды іске қосу қажеттігі барған сайын айқындалып келе жатқанын айтады.

Байгенженовтің түсіндіруінше, концентрат экспортымен бірге оны кейінгі өңдеуден түсетін құнның бір бөлігі де шетелге кетеді. Өйткені кенді байыту – өндіріс тізбегінің бір кезеңі ғана.

«Мыс концентраты – түпкілікті өнім емес. Байытудан кейін металлургиялық өңдеудің тұтас тізбегі жүреді: шихтаны дайындау, балқыту, конвертерлеу, отпен және электролиз арқылы тазарту», – деп жазды ол.

Кешенді шикізатты өңдеу кезінде алтын, күміс және басқа да бағалы құрамдастарды бөліп алу мәселесі қатар шешіледі. Құрамында күкірт бар газдарды өңдеп, күкірт қышқылын алуға болады. Сондықтан ғалым Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын салуды сала үшін маңызды қадам деп есептейді.

«Үкімет бекіткен инвестициялық келісімге сәйкес, жеке инвестиция көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Құрылысты 2027 жылы бастап, кәсіпорынды 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланған», – деп жазды Байгенженов.

Зауыттың жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна катодты мыс. Жобада 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіру де қарастырылған. Шамамен 1,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Ғалым бұл жобаның маңызын атап өте отырып, келесі өңдеу сатыларын да дамыту қажет екенін алға тартты.

«Бұл жерде тек катодты мыс өндірісін арттырумен тоқтап қалмау өте маңызды. Катодты мыстың өзі – терең металлургиялық өңдеу өнімі. Бірақ ол өнеркәсіптік тізбектің келесі деңгейіне де шикізат бола алады», – деп түсіндірді профессор.

Оның сөзінше, тазартылған мыстан кейін қосымша құн қалыптастыратын өнімдер жеткілікті. Оларға катанка, сым, кабель және өткізгіш өнімдер, мыс құбырлары, фольга, қорытпалар, электротехникалық бұйымдар мен машина жасауға арналған бөлшектер жатады.

«Қазақстан үшін тиімді тізбекті былай көремін: кен → концентрат → қара мыс → анодты мыс → катодты мыс → прокат пен қорытпалар. Осы тізбектің экономикалық тұрғыдан тиімді буындары ел ішінде неғұрлым көп орналасса, Қазақстанның технологиялық және экономикалық ұтысы соғұрлым жоғары болады», – деп жазды Байгенженов.

Профессор металлургияда шикізатты кешенді пайдаланудың да маңызына тоқталды. Оның айтуынша, заманауи кәсіпорынның экономикалық тиімділігі өндірілген мыстың көлемімен ғана өлшенбейді.

«Ол бағалы құрамдастарды барынша толық бөліп алуға, аралық өнімдерді өңдеуге, металдардың қожбен және басқа қалдықтармен бірге жоғалуын барынша азайтуға байланысты. Екінші реттік ресурстарды пайдалану, өндірістің материал мен энергия шығынын төмендету де маңызды», – деп түсіндірді ғалым.

Байгенженов келтірген Үкімет дерегіне сәйкес, Балқаштағы жаңа жоба Қазақстандағы мыс өндірісін жылына 800 мың тоннадан асыруға ықпал етуі тиіс. Ол мұны сала ауқымын едәуір өзгертетін көрсеткіш деп бағалайды.

«Қазақстан минералдық-шикізат базасының өсуі автоматты түрде шикізат пен концентрат экспортының артуына әкелетін үлгіден біртіндеп өтуі керек. Жаңа үлгіде кен өндірудің ұлғаюымен қатар байыту, металлургия, металдарды терең өңдеу, отандық машина жасау және материалтану дамуға тиіс», – деп жазды профессор.

Оның пікірінше, Қазақстанда бұған қажетті негізгі алғышарттар бар: шикізат қоры, қалыптасқан металлургия мектебі, ғылыми және инженерлік кадрлар, жинақталған өндірістік тәжірибе.

«Ендігі міндет – шикізатты экспорттың ғана емес, Қазақстанда жасалатын жаңа технологиялар мен заманауи өндірістердің негізіне айналдыру. Ол білікті мамандарға арналған жұмыс орындары мен қосылған құны жоғары өнім шығаруға да негіз болуы керек», – деп жазды Өмірсерік Байгенженов.

Барлық жаңалықтар