Ләззат Ахатова: Конституциялық Соттың шешімі құқықтық айқындықты қамтамасыз етті

Ләззат Ахатова: Конституциялық Соттың шешімі құқықтық айқындықты қамтамасыз етті

Еліміздің Конституциялық Соты жаңа Конституциядағы жоғары мемлекеттік лауазымдарға сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты нормаларға ресми түсіндірме берді. Соттың ұстанымына сәйкес, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімдері мен сол уақыттағы сайлану немесе тағайындалу фактілері жаңа Конституцияда көзделген шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды. Осы мәселеге байланысты адвокат Ләззат Ахатова Конституциялық Соттың шешімі құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, елдегі ішкі тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін айтты деп жазады Democrat.kz.

Оның сөзінше, кез келген мемлекет үшін ішкі тұрақтылық – ең маңызды құндылықтардың бірі. Ал Конституцияның жекелеген нормаларына ресми түсіндірме беру әлемдік құқықтық тәжірибеде бұрыннан қолданылып келе жатқан қалыпты рәсім.

«Референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция күшіне енгенімен, Ата заңның кейбір нормаларын қолдануға қатысты сұрақтар сақталып қалды. Президенттің Конституциялық Сотқа жүгінуі де осы құқықтық белгісіздікті жою мақсатында жасалды. Бұл – көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде бар құқықтық тетік», – деді Ләззат Ахатова.

Адвокаттың пікірінше, Президенттің Конституциялық Сотқа жүгінуі Конституция нормаларын әртүрлі түсіндіруге жол бермей, елдегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін әрекеттердің құқықтық негізін әлсіретеді.

«Ақорданың бұл қадамы ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіруге тырысатын күштерге құқықтық тосқауыл болады. Өйткені Конституциядағы даулы нормаларға нақты түсіндірме берілді», – деді ол.

Ләззат Ахатова Конституциялық Соттың түсіндірмесі 1995 жылғы Конституция мен жаңа Конституцияның құқықтық тұрғыдан екі бөлек кезең екенін нақтылағанын айтты. Сондықтан бұрынғы Конституция кезеңіндегі өкілеттіктер жаңа Ата заңда белгіленген шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды.

Сонымен қатар адвокат маңызды жайтқа назар аударды.

«Конституциялық Сот Президенттің қайтадан сайлауға түсуге құқығы бар екенін түсіндірді. Алайда бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы президенттік сайлауға міндетті түрде қатысатынын білдірмейді», – деді ол.

Барлық жаңалықтар