Астанада «Жаңа адамдар» қозғалысының «124» азаматтық науқаны аясында белсенділер 12 жастағы қыздың атынан әлеуметтік желіде парақша ашып, кәмелетке толмағандармен байланыс орнатуға әрекеттенуі мүмкін ересектерді анықтағанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Белсенділердің айтуынша, парақшаға ондаған ересек ер адам хабарлама жіберген. Олардың екеуі виртуалды хат алмасумен шектелмей, «12 жастағы қызбен» кездесуге келген.
Науқан өкілдері бірінші ер адамның кәмелетке толмағанға интимдік сипаттағы суреттер мен материалдар жібергенін айтады. Екінші ер адам да тұрғын үй кешеніне кездесуге келген. Белсенділер жариялаған мәлімет бойынша, ол өзінің әрекетін түсіндіруге тырысып, «Маған пәк қыз керек» деген сөз айтқан.
Екі оқиға бойынша жиналған хат-хабарлар, скриншоттар және өзге де материалдар құқық қорғау органдарына тексеру жүргізу үшін тапсырылған.
«Жаңа адамдар» өкілі Қуаныш Алматтың айтуынша, мұндай жағдайларда басты міндет — тек күдіктілерді анықтау емес, балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігіне ата-аналар мен қоғамның назарын күшейту.
Қазіргі уақытта аталған адамдардың кінәсі туралы түпкілікті қорытындыны құқық қорғау органдары мен сот қана бере алады.