Әлеуметтік желіде оқушы қыздардың мектепке боянып келуіне қатысты үлкен пікірталас басталды. Бір тарап «оқушы мектепке білім алу үшін келеді, сыртқы келбетке қатысты талап болуы керек» десе, екінші тарап қыздардың макияжын басты проблемаға айналдыруды әділетсіз санайды, деп жазады Democrat.kz.
Пікірталасқа түрткі болған жазбалардың бірінде оқушы:
«Жігіттер үшін боянасыңдар дейтін апайлар, сонда сіздер де мектептегі ағайлар үшін боянасыздар ма?» – деп сұрақ қойған.
Оған жауап берген ұстаздардың бірі мұғалім мен оқушыны салыстыру дұрыс емес екенін айтып:
«Біз қызметкерміз. Басқа мамандар жұмысқа қалай барады, біз де сондаймыз», – деген.
Ал оқушылар «бояудың сабаққа қатысы жоқ», «макияж оқу үлгеріміне кедергі жасамайды» деп уәж келтірген. Кей қыздар тіпті күнделікті жеңіл макияж жасаудың еш сөкеттігі жоқ екенін айтып, мұғалімдердің бұл мәселеге шамадан тыс мән беретінін жазған.
Алайда ұстаздар арасында бұған түбегейлі қарсы пікір де көп.
«Оқушы – оқушы болуы керек. Боянып үлгересіңдер. Мектепте тәртіпке бағыну керек», – дейді желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір мұғалім қыздардың боянуына түбегейлі тыйым салуды емес, шектен шықпауды ұсынады:
«Жеңіл, күндізгі макияж жасап жүрген оқушылар жетерлік. Өз-өзін жарасымды ұстаған қызға ешкім қатып қалмайды. Орынмен болса болды».
«Неге тәртіп тек қыздардың сыртқы келбетінен басталады?»
Даудың ең қызық тұсы – оқушы қыздардың бір бөлігі мәселені басқа қырынан көтерді.
Олардың айтуынша, мектепте қыздың ерін бояуы немесе шашын жайып жүруі бірден көзге түседі. Ал кей ұлдардың электронды темекі шегуі, әжетханада төбелесуі, мұғалімге қарсы сөйлеуі немесе өзге оқушыларды қорқытуы әлдеқайда маңызды мәселе бола тұра, кейде дәл сондай деңгейде талқыланбайды.
Бір оқушы:
«Неге мектептегі тәртіп тек қыздардың сыртқы келбетінен басталады? Кейбір ұлдар сабақ үстінде электронды темекі шегеді», – деп жазған.
Тағы бірі:
«Макияждан немесе шаштың жайылғанынан ешкімге қауіп төніп тұрған жоқ. Ал темекі, қорқыту, балағаттау, қауіпті заттар – әлдеқайда маңызды мәселе», – дейді.
Осы пікірді қолдағандар мектеп ережесі шынымен ортақ болса, ол қызға да, ұлға да бірдей қолданылуға тиіс екенін алға тартты.
Түйін – бояуда емес, тең талапта ма?
Бұл пікірталас қарапайым ғана «қыз бала боянуы керек пе, жоқ па?» деген сұрақтан әлдеқайда ауқымды мәселеге ұласты.
Бір жағында – мектеп тәртіп пен ортақ ережені сақтайтын орын деген ұстаным. Екінші жағында – сыртқы келбетке қатысты талаптар әсіресе қыздарға көбірек бағытталып, ұлдардың тәртібіне дәл сондай талап қойыла ма деген сауал тұр.
Сондықтан мәселе макияждың өзінен гөрі мектептегі талаптың қаншалықты әділ әрі бәріне бірдей қолданылатынында сияқты.
Өйткені тәртіп деген – тек қыздың ерін далабы мен шаш үлгісін бақылау емес. Ол ұлдың да, қыздың да жүріс-тұрысына, қауіпсіздігіне, өзара сыйластығына және мұғалімге қарым-қатынасына бірдей талап қоюдан басталуы керек.
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.