Ақтау–Бейнеу тасжолында Toyota Camry жолға шыққан түйені қағып, кейін қарсы бағыттағы екінші көлікпен соқтығысты. Апаттан төрт адам оқиға орнында көз жұмып, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады Democrat.kz.
Жол апаты 16 қыркүйек күні шамамен сағат 20:30-да Ақтау–Бейнеу республикалық автожолында болған.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, Жетібайдан Шетпе бағытына қозғалған Toyota Camry жолдың үстіндегі түйені қағып кеткен.
Соққыдан кейін автомобиль қарсы қозғалыс жолағына шығып, екінші Toyota Camry көлігімен соқтығысқан.
Төрт адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Тағы төрт адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғады. Автомобильдер арнайы тұраққа жеткізіліп, сараптамалар тағайындалды.
Тергеушілер жол апатының барлық мән-жайымен қатар жолға шыққан түйенің иесін де анықтап жатыр.